01.08.2025
- Холдинг туралы
Кеңес ал!
2025 жылғы 1 тамызда «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифинг өтті. Холдингтің баспасөз қызметінің басшысы Перизат Шәкенова тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңға енгізілген өзгерістер мен үлескерлердің құқықтарын қорғауға бағытталған жаңа тетіктер туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Таяуда тұрғын үйге үлестік қатысуға қатысты заңға бірқатар өзгеріс енгізілген еді. Нақтырақ айтсақ, 2025 жылғы 30 маусымда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу, автомобиль жолдары және мүгедектігі бар адамдарды тасымалдау жөніндегі қызметтерді көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңына қол қойды. Түзетулердің бірінші блогы үлестік құрылыс процестерінің заңдылығы мен ашықтығын қамтамасыз етуге, үлескерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған.
Бұл ретте негізгі даму институты ретінде "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету, құрылысқа қаржы тарту, құрылыс салушылармен жұмыс істеу және ипотекалық тетіктерді дамыту арқылы азаматтардың тұрғын үйге қолжетімділігін арттыру арқылы тұрғын үй саясатын іске асыруда маңызды рөл атқарады. Перизат Шәкенованың мәлімдеуінше, бұл міндеттерді холдингтің "Қазақстан тұрғын үй компаниясы" мен "Отбасы банк" еншілес ұйымдары іске асыруда.
Фото: Stan.kz
Холдинг өкілі БАҚ өкілдерімен кездесу барысында заңға енгізілген өзгерістерге тоқталып, заңнамада үлескерлер мен құрылыс салушылар үшін қандай талаптар қарастырылғанын баяндап берді.
"Енгізілген өзгерістер екі негізгі бағытқа әсер етеді. Біріншіден, үлестік құрылыс саласындағы ашықтық деңгейі артады, үлескерлердің құқықтары жан-жақты қорғалып, олардың қаражатының мақсатты жұмсалуына бақылау күшейтіледі. Екіншіден, заң аясында жүргізілетін құрылысқа қолдау күшейтіліп, құрылыс компанияларына қойылатын талаптар қатаңдатылады", – деп мәлімдеді спикер.
Ол заңдағы маңызды өзгерістердің бірі – үлескерлердің құқықтарын қорғауға қатысты шараларға тоқталып өтті. Оның айтуынша, заңдағы бірінші маңызды жаңалық – салынып жатқан үйге ипотека тек құрылыс ресми түрде мақұлданғаннан кейін ғана берілетіндігі.
"Бұл дегеніміз не? Енді заң бойынша құрылыс салушы халықтың ақшасын тарту үшін міндетті түрде "Қазақстан тұрғын үй компаниясының" кепілдігін немесе жергілікті жердегі әкімдіктің рұқсатын алуы керек. Сонымен қатар құрылыс салушының "Қазреестр" жүйесінде үлестік қатысу келісімшарты тіркелуі керек. Бұл – азаматтардың қаржысын қорғауға арналған қосымша шара", – деп атап өтті Перизат Шәкенова.
Айта кетерлігі, бұл заңға қатысты ел ішінде құрылыс енді басталып жатқан кезде үлескер ретінде қатысуға тыйым салынады деген ақпарат тараған еді. Алайда Перизат Шәкенова бұл ақпаратты жоққа шығарып, ел азаматтары үлескер ретінде ерте бастан-ақ үй алуға қамдана беруге болатынын алға тартты. Ең бастысы – "Қазақстан тұрғын үй компаниясының" кепілдігі немесе жергілікті әкімдіктің рұқсаты болса болғаны.
Фото: Stan.kz
"Қазақстан тұрғын үй компаниясының" мәліметі бойынша, өткен жылы салынып жатқан үйлердің шамамен 67 пайызы, нақтырақ айтсақ, 390 тұрғын үй кешені немесе 145 мыңнан астам пәтер құрылыс кезеңінде "Қазақстан тұрғын үй компаниясының" кепілдігінсіз немесе әкімдіктердің рұқсатынсыз сатылған.
"Мұндай заңсыз құрылыстар азаматтар үшін де, жалпы құрылыс саласының тұрақтылығы үшін де үлкен қауіп тудырады", – дейді спикер.
Осы орайда Перизат Шәкенова әкімдіктің рұқсатынсыз салынып жатқан тұрғын үйден пәтер сатқан құрылыс салушының мысалын келтіріп өтті. Оның айтуынша, бірнеше адам өз үйін, туыстарының үйін кепілге қойып, ипотека алған. Алайда құрылыс салушы қаржылық қиындықтарға тап болып, одан әрі жұмыс істей алмағандықтан, құрылысты тоқтатуға мәжбүр болған. Салдарынан қомақты несиеге батқан үлескерлер пәтерсіз қалған.
"Ал егер құрылыс салушыда "Қазақстан тұрғын үй компаниясының" кепілдігі болса, онда үй белгіленген мерзімде, келісімшартқа сай және белгіленген бағамен салынады. Себебі "Қазақстан тұрғын үй компаниясының" кепілдігі үлескерлердің қаржысын қорғайды. Сондықтан барша азаматты құрылыс салушыны таңдарда рұқсат құжаттарының бар-жоғын міндетті түрде тексеруге шақырамыз", – дейді Холдинг өкілі.
Құрылыс салушыда "Қазақстан тұрғын үй компаниясының" кепілдігі бар-жоғын компанияның ресми сайтынан тексеріп алуға болады.
Перизат Шәкенованың мәлімдеуінше, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңға енгізілген екінші маңызды өзгеріс – құрылыс кезінде тұрғын үйді сату үшін алдын ала келісімшарттардың барлық түріне: брондау келісімшарттарына, алдын ала сатып алу-сату келісімшарттарына, инвестициялау келісімшарттарына және заңда жоқ басқа да қаржыландыру әдістеріне тыйым салынуы.
"Мұндай келісімшарттар көбіне тіркелмейді және үлескерлердің құқықтарын қорғамайды. Бұл тыйым құрылыс салушылардың заңды айналып өтіп, азаматтардың қаражатын заңсыз тартуын тоқтатуға бағытталған. Қазақстанда тұрғын үйді тек үлестік қатысу туралы келісімшарт арқылы сатуға болады. Үлестік қатысу туралы шарттың үлгісі Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің бұйрығымен бекітілген және ол міндетті түрде "Қазреестр" жүйесінде тіркеледі", – деп атап өтті ол.
Заңдағы тағы бір маңызды өзгеріс – енді үлескерлер мен құрылыс салушылар арасындағы барлық есеп айырысулар қолма-қол ақшасыз жүргізілуі тиіс, яғни үлескерлерге салынып жатқан ғимараттардағы тұрғын үй үшін қолма-қол ақша төлеуге тыйым салынады. Енді салынып жатқан тұрғын үйге төлемдер тек екінші деңгейлі банктер арқылы қабылданады.
Фото: Stan.kz
"Бұл жүйе ақша айналымының ашықтығын қамтамасыз етіп, үлескерлерді алаяқтардан қорғайды. Мысалы, сіз құрылысы жүріп жатқан үйден пәтер сатып алуға шешім қабылдасаңыз, екінші деңгейлі банкке барып, қаражатты құрылыс компаниясының есепшотына аударасыз. Бұрын кейбір құрылыс салушылар ақшаны қолма-қол немесе бейресми жолмен алып, оны мақсатсыз жұмсайтын. Соның кесірінен үлескерлер пәтерсіз және ақшасыз қалатын. Енді жаңа талап бойынша банк алдымен құрылыс салушының «Қазреестрде» тіркелгенін, әкімдіктің рұқсаты немесе Қазақстан тұрғын үй компаниясының кепілдігі бар-жоғын тексереді. Егер жоқ болса, құрылыс салушыға ақша аударылмайды, үлескердің қаражаты өзіне қайтарылады", – дейді Перизат Шәкенова. Осылайша баспаналы болуға ниетті тұрғындар алаяқтардың арбауынан қорғалады әрі тұрғын үйдің дер кезінде салынып бітуіне кепілдік беріледі.
Перизат Шәкенова брифинг барысында заңға енгізілген жаңа өзгерістердің бірі ретінде құрылысқа рұқсаты жоқ нысандарды жарнамалауға тыйым салынатынын атап өтті. Оның айтуынша, енді "Қазақстан тұрғын үй компаниясының" кепілдігі немесе әкімдіктің рұқсаты жоқ, "Қазреестрге" тіркелмеген салынып жатқан үйлерді жарнамалауға болмайды. Бұл ереже 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап күшіне енеді.
"Көп жағдайда адамдар арзан баға мен жеңілдіктерге уәде беретін жарнамаларға сеніп, алданып қалады. Әсіресе құрылыс жаңа басталған кезде сенімсіз компаниялардың жарнамалары көбейіп кетеді. Соның салдарынан көп адам ақшасынан айырылып қалып жатады. Заңға енгізілген өзгеріс азаматтардың алданбауын, тек заңды жобаларға қатысуын қамтамасыз етеді", – дейді спикер.
"Бәйтерек" холдингі құрылыс кезеңінде тұрғын үй сатып алуды жоспарлағандарға алаяқтарға алданып қалмау үшін мынандай кеңестер береді:
Құрылыс салушыны тексеру
Үй алмас бұрын құрылыс компаниясының барлық рұқсат құжаттарын тексеру маңызды. Құрылыс салушыда "Қазақстан тұрғын үй компаниясының " кепілдігі немесе әкімдіктің рұқсаты болуы керек.
Кепілдік нақты үйге, блокқа немесе кезекке берілген бе, соны да мұқият қарап шығу қажет. Өйткені кейбір компаниялар тұрғын үй кешенінің тек бір бөлігіне рұқсат алып, бүкіл кешенге ақша жинап жатады.
Барлық рұқсаты бар құрылыс нысандарын homeportal.kz сайтынан тексеруге болады. Сондай-ақ eGov Mobile және бірқатар банктің (мысалы, Halyk, BCC, Smartbank, Alatau City Bank) қосымшаларынан тексеруге мүмкіндік бар.
Келісімшарт жасасу
Үй сатып алмас бұрын тек үлестік қатысу туралы заңды келісімшарт жасау қажет. Басқа кез келген келісімшарт түрі – заңсыз.
Келісімшартты тіркеу
Келісімшартқа қол қойылған соң, оны "Қазреестр" жүйесі арқылы тіркеуі керек. Тіркеуден кейін арнайы көшірме беріледі – бұл құжатты құрылыс компаниясынан міндетті түрде алу қажет. Тек осыдан кейін ғана ақша төлеуге болады.
"Бұл өзгерістер тек заңды түзету емес, сонымен қатар үлескерлердің құқығы мен мүддесін қорғауға бағытталған", – деп түйіндеді сөзін "Бәйтерек" ұлттық холдингі баспасөз қызметінің жетекшісі Перизат Шәкенова.
Айта кетейік, "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі – еліміздің стратегиялық маңызды міндеттерін іске асыратын негізгі даму институты. Оның басты бағыттары отандық бизнесті, экспорттаушыларды және ауылшаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау, тұрғын үй саясатын іске асыру болып саналады.