12.10.2026
- Холдинг туралы
- Тұрақты даму
Кеңес ал!
«Бәйтерек» Холдингінде Қазақстанның кабель өнеркәсібін дамытуға және отандық кабель-сым өнімдерінің өндірісін кеңейтуге арналған халықаралық стратегиялық сессия өтті. Іс-шараға Холдингтің Қоғамдық кеңесінің төрағасы Қазыбек Шайх, Холдингтің басқарушы директоры Руслан Тюлегенов, сондай-ақ бейінді мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Сессия жұмысына жаңа энергетикалық технологиялар саласындағы Xinjiang Zhande New Energy Technology, кәсіпорындарды басқару саласындағы Tenglian Enterprise Management Group, құрастырмалы құрылыс саласындағы Yili Yiming Prefabricated Construction және кабель-сым өнімдері саласындағы Xinjiang Lanzhijia Cable қытайлық компанияларының өкілдері де қатысты.
Сессияны «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі, «Технопарк Alatau City» ЖШС және Alatau City Authority ұйымдастырды.
Қатысушылар кабель өнеркәсібін дамыту перспективаларын, отандық өнімнің үлесін арттыру және жаңа өндірістерге инвестиция тарту мәселелерін талқылады. Сессияда ұсынылған деректерге сәйкес, кабель-сым өнімдері нарығындағы отандық өндірістің үлесі 15–20%-ды құрайды. Бұл ретте инфрақұрылымның, энергетиканың, цифрлық желілер мен көлік логистикасының дамуы мұндай өнімге қосымша сұраныс қалыптастырып отыр.
Қазыбек Шайх отандық өндірісті дамытудың және мемлекет, бизнес пен даму институттары арасындағы өзара іс-қимылды нығайтудың маңызын атап өтті.
«Кабель өнеркәсібін дамыту отандық шикізатты өңдеу көлемін ұлғайтуға және қосылған құны жоғары өнім шығаруға мүмкіндік береді. Перспективалы бастамалар қажетті қолдауға ие болып, нақты инвестициялық жобаларға айналуы үшін мемлекет, бизнес және даму институттарының күш-жігерін біріктіру маңызды», - деп атап өтті ол.
Қатысушылар мыс пен алюминийді терең өңдеуге, электротехникалық сым шыбықтары мен арнайы кабель қорытпаларының өндірісін дамытуға, кәсіпорындарды жаңғыртуға және шетелдік инвестиция тартуға ерекше назар аударды. Сондай-ақ өндірісті жергіліктендіруді растау, өнім сапасы және жеткізілімдердің ашықтығы мәселелері талқыланды.
Өз кезегінде Руслан Тюлегенов кәсіпорындарды жаңғырту мен жаңа өндірістерді іске қосуда қаржылық құралдардың маңызын атап өтті.
«Кабель саласын дамыту үшін ұзақ мерзімді қаржыландырудың қолжетімділігі, өндірістік қуаттарды жаңарту және жаңа өндірістерді іске қосуға жағдай жасау маңызды. «Бәйтерек» Холдингі біріктіретін даму институттарының құралдары бизнестің қажеттіліктері мен отандық өнеркәсіптің әлеуетін ескере отырып, инвестициялық жобаларды қолдауға мүмкіндік береді», - деді ол.
Холдингтің еншілес ұйымдарының өкілдері де бизнесті қолдау құралдарын таныстырды. Қазақстанның Даму Банкі, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, Өнеркәсіпті дамыту қоры және Qazaqstan Investment Corporation жобалық қаржыландыру, өндірістік қуаттарды жаңғыртуға арналған лизинг, міндеттемелерге кепілдік беру және инвестициялық жобаларға қатысу мүмкіндіктері туралы баяндады.
Сессия қорытындысы бойынша қатысушылар саланы одан әрі дамыту қадамдарын айқындады. Олардың қатарында Alatau City технопаркі базасында жобалық кеңсе құру, өнім өндірісін жергіліктендіруді растау тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ бірлескен кәсіпорындар мен ғылыми-зерттеу зертханаларын құру бастамаларын пысықтау бар.