21.04.2026
- Холдинг туралы
- Тұрақты даму
Кеңес ал!
20 сәуірде Нью-Йорк қаласында Citigroup штаб-пәтерінде Қазақстан экономикасын дамыту және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту келешегін талқылау үшін халықаралық инвестициялық қоғамдастық, қаржы институттары мен мемлекеттік органдардың өкілдерін біріктірген Kazakhstan Finance Day өтті.
«Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Жандос Шайхы «Investment Opportunities in Kazakhstan» негізгі панельдік сессиясы аясында сөз сөйледі. Citi мемлекеттік сектормен жұмыс жөніндегі топтың жаһандық басшысы Стефани фон Фридебург модератор болды. Спикерлер ретінде Қазақстан Ұлттық Банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов, «Самұрық-Қазына» АҚ Экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры Айдар Рысқұлов, Қазақстан қор биржасының (KASE) Басқарма төрағасы Әділ Мұхамеджанов, сондай-ақ мемлекеттік және инфрақұрылымдық даму институттарының өкілдері қатысты.
Сессияға қатысушылар Қазақстанның макроэкономикалық тұрақтылығын, цифрлық активтерді және капитал нарықтарын дамытуды, сондай-ақ ірі инвестициялық жобаларды іске асыру, елді өңірлік қаржы және инвестициялық хаб ретінде қалыптастыру мүмкіндіктерін талқылады.
Жандос Шайхы өз сөзінде «Бәйтерек» холдингін Қазақстанда инвестициялар тартуды және басым жобаларды іске асыруды қамтамасыз ететін негізгі институционалдық платформа ретінде таныстырды. Холдинг мемлекеттік басымдықтарды, қаржы құралдарын және жобалық сараптаманы бір арнаға біріктіре отырып, инвесторлар үшін «бірыңғай терезе» функциясын орындайтынын атап өтті.
«Бәйтерек» холдингі жобаларды құрылымдау, қаржыландыру және инвестициялық тәуекелдерді азайту арқылы мемлекет пен бизнес арасындағы байланыстырушы буын ретінде әрекет етеді. Бұл инвестициялық мүмкіндіктердің тұрақты пулын қалыптастыруға және олардың сапалы іске асырылуына мүмкіндік береді», - деп атап өтті ол.
Тұсаукесер барысында Холдингтің қаржылық ұстанымы тұрақты және инвесторлар тарапынан сенім деңгейі жоғары екендігі атап өтілді. «Бәйтеректің» кредиттік рейтингтері егемендік деңгейіне сәйкес келеді, ал топтың активтері 36 млрд АҚШ долларынан асады, бұл оның елдің экономикалық өсуінің негізгі драйверлерінің бірі ретіндегі рөлін растайды.
Жалпы құны шамамен 32 млрд АҚШ долларын құрайтын 28 ұлттық жобаны қамтитын Холдингтің инвестициялық портфеліне ерекше назар аударылды. Олар экспортқа бағдарланған салаларды, шикізатты терең өңдеуді, мұнай химиясын, металлургияны, агроөнеркәсіптік кешенді және инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.

Қазақстанның экономикалық моделінің шикізаттан қосылған құны жоғары өнім жасауға бет алғаны ерекше атап өтілді. Басымдықтардың қатарында химия өнеркәсібін дамыту, тыңайтқыштар өндіру, жаңа индустриялық кластерлер құру, сондай-ақ логистикалық және цифрлық инфрақұрылымды қалыптастыру, оның ішінде Data Center Valley жобаларын және Еуразияның көлік дәліздерін дамыту бар.
Жандос Шайхы Холдинг жобаларды қаржыландырып қана қоймай, сонымен қатар тұрақты экономикалық өсудің экожүйесін қалыптастырып, жобаларды әзірлеу кезеңінен бастап халықаралық капитал нарықтарына шыққанға дейін кешенді қолдауды қамтамасыз ететінін атап өтті.
Іс-шара инвесторлармен тікелей диалог алаңына айналды: панельдік сессиядан кейін серіктестіктерді дамытуға және нақты инвестициялық бастамаларды пысықтауға бағытталған екіжақты кездесулер өтті.
Kazakhstan Finance Day халықаралық қаржы қоғамдастығының перспективалы инвестициялық бағыт ретінде Қазақстанға аса қызығушылық танытатынын айғақтады, сондай-ақ елдің жаһандық капитал нарықтарындағы сенімді әріптес ретіндегі позициясын күшейтті.