16.11.2026
- Холдинг туралы
- Тұрақты даму
Кеңес ал!
«Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ Ақпараттық қауіпсіздік қызметінің басшысы Медет Тергембаев GO DIGITAL EURASIA 2026 халықаралық конференция-көрмесіне спикер ретінде қатысты. Іс-шара мемлекеттік органдардың, еліміздегі және халықаралық ірі компаниялардың өкілдерін, сондай-ақ цифрлық трансформация, жасанды интеллект және ақпараттық қауіпсіздік саласындағы сарапшыларды біріктірді. Қатысушылар заманауи технологиялық шешімдерді, жасанды интеллектіні бизнес-процестерге енгізу және цифрлық инфрақұрылымды қорғау мәселелерін талқылады.
«Киберқауіпсіздік, деректер және жасанды интеллект» тақырыптық сессиясында Медет Тергембаев қазіргі киберқауіптер туралы баяндама жасап, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің алты негізгі бағытын таныстырды. Ол веб-ресурстарды қорғауға, кибербарлау құралдарын енгізуге, бағдарламалық қамтамасыз етудің қауіпсіздігін талдауға және бірыңғай корпоративтік стандарттарды қалыптастыруға ерекше назар аударды.
«Бүгінде ақпараттық қауіпсіздік тәуекелдері экономиканың тұрақтылығы мен ұлттық қауіпсіздікке тікелей әсер етеді. Кибершабуыл салдарынан ұйым жұмысының бір күнге тоқтауының өзі елеулі шығынға әкелуі мүмкін. Сондықтан ақпараттық жүйелерді қорғау тәсілдерін қайта қарап, жүйеге заңсыз енуі мүмкін осал тұстарды барынша азайтып, қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимылдың заманауи құралдарын уақтылы енгізу қажет», - деді ол.
Сөз барысында корпоративтік ортада жасанды интеллектіні қауіпсіз пайдалану мәселесіне де жеке тоқталды. Спикер сыртқы жасанды интеллект сервистерін қолдану кезінде құпия деректердің таралып кету қаупін, сондай-ақ меншікті тілдік модельдерді ішкі ақпараттық жүйелермен біріктіру барысында туындайтын тәуекелдерді қарастырды. Қорғану шаралары ретінде ақпараттың таралып кетуіне жол бермейтін, деректерді иесіздендіретін және қол жеткізу құқықтарын шектейтін құралдар ұсынылды.
«Бүгінде бизнес сыртқы жасанды интеллект сервистерін барған сайын белсенді қолданып келеді. Мұндай құралдарға толық тыйым салу даму мүмкіндіктерін шектеп, бәсекеге қабілеттілікті төмендетеді. Біздің міндетіміз - оларды қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету, құпия деректердің берілуіне жол бермеу және тиімді бақылау тетіктерін қалыптастыру», - деп атап өтті қызмет басшысы.
Сөз соңында Холдинг өкілі кибертәуекелдерді басқаруда кешенді тәсіл қолданудың, қызметкерлердің цифрлық сауаттылығын арттырудың және ақпараттық қауіпсіздік саласындағы ішкі құзыреттерді дамытудың маңыздылығын атап өтті.