19.12.2024
- Холдинг туралы
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ өзінің еншілес ұйымы «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ-ны (ҚИҚ) жекешелендіруге қатысты БАҚ-та шыққан жарияланымдар ағымдағы жағдайды анық беріп отырмағанын хабарлайды.
ҚИҚ Үкіметтің «Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кейбір мәселелері туралы» қаулысы (2020 жылғы 29 желтоқсандағы № 908) шеңберінде, басым тәртіппен бәсекелес ортаға беруге ұсынылатын ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық компаниялардың және олармен үлестес болып табылатын өзге де заңды тұлғалардың ірі еншілес, тәуелді ұйымдарының тізбесіне енгізілген.
Осыған байланысты, заңнамада белгіленген тәртіппен тәуелсіз бағалаушы ҚИҚ акцияларының нарықтық құнын бағалады.
Салыстырмалы талдау көрсеткендей, 2019 жыл мен 2021 жыл аралығында ҚИҚ активтері шамамен 2 есеге қысқарған (2018 жылғы 31 желтоқсанда 61,9 млрд теңге болса, 2021 жылы 36,7 млрд теңге), бұл ретте міндеттемелер 2,3 млрд теңгеден астам сомаға ұлғайған, ал жинақталған шығын 26 млрд теңгеге көбейген. Мәселен, 2019 жылы шығын 21 млрд теңгеден асты, ал 2020 жылы шамамен 6,8 млрд теңгені құрады. Холдинг акционер ретінде ҚИҚ-қа иелік еткен барлық кезең ішінде 552 млн теңге сомасында дивидендтер алды.
ҚИҚ «Орда Гласс» ЖШС жобасы бойынша ҚДБ алдында 17 млрд теңгеден астам сома міндеттемелері бар. ҚИҚ берген кепілдік нысан пайдалануға берілгеннен кейін ғана тоқтатылады, ал оны іске қосу 2,5 жылдан артық уақыт кешіктіріліп келеді.
Осылайша, 30 шілдеде www.gosreestr.kz мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында (ҚР Қаржы министрлігінің «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ алаңы) 2021 жылғы 17 тамызда ҚИҚ акцияларының жүз пайызын сату бойынша электрондық сауда-саттық өткізілетіні туралы хабарландыру жарияланды. Сол күні ақпараттық хабарлама «Бәйтерек» холдингінің ресми сайтында (www.baiterek.gov.kz) және БАҚ-та жарияланды. 18 тамызда аталған алаңда жеңімпаз анықталып, сауда-саттық өтті деп танылды.
Қазіргі уақытта компания өз міндеттемелерін «Бәйтерек» холдингінің араласуынсыз жоспарлы түрде орындап жатыр. ҚИҚ-ты бағалау мен сауда-саттықты өткізудің барлық рәсімдері қолданыстағы заңнама қатаң сақтала отырып іске асырылды және іске асырылуда. Құпиялылық талаптарына байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.
Осы рәсімдер аяқталғаннан кейін «Бәйтерек» холдингі ҚИҚ-ты бәсекелес ортаға беру рәсімдерінің қорытындылары туралы ақпаратты жұртшылыққа жариялайтын болады. ҚИҚ-тың жалғыз акционері ретінде Холдинг беретінін ақпарат қана нақты әрі сенімді болатынына назар аударамыз.
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ баспасөз қызметі
8 (7172) 919205