11.11.2025
- Холдинг туралы
- Тұрақты даму
Кеңес ал!
2025 жылғы 7-9 қарашада «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның Басқарма төрағасы Рустам Қарагойшин Гонконгқа (ҚХР) жұмыс сапарымен барды. Сапардың басты мақсаты — стратегиялық әріптестікті дамыту және Қазақстанның басым секторларына инвестиция тарту еді.
Сапар бағдарламасына Гонконгтың іскер орта өкілдерімен бірқатар кездесулер енді. Кездесулерге Henderson Land Group, Full Vision Capital, Towngas, Bank of China, Invest Hong Kong, CITIC Capital, Hong Kong Exchange, ICBC және өзге де ірі компаниялар қатысты. Тараптар өнеркәсіп пен инфрақұрылымды дамыту, заманауи тұрғын-жай және коммерциялық нысандарды жобалау-құру, агроөнеркәсіп өнімдерін экспорттау және «Бәйтерек» холдингі жүзеге асырып жатқан инвестициялық жобаларға азиялық инвесторларды тарту мүмкіндіктерін талқылады.
Арнайы назар Henderson Land Group компаниясымен ынтымақтастық мәселелеріне аударылды. Бұл компания Гонконгтағы жетекші конгломераттардың бірі ретінде жылжымайтын мүлік, энергетика, қонақжайлылық және көлік инфрақұрылымы салаларында кең көлемді жобаларды жүзеге асырады. Кездесу барысында тараптар тұрақты қалалық даму, «жасыл» құрылыс стандарттарын енгізу және экологиялық талаптарды сақтау бойынша бірлескен жобаларға ықтимал бағыттар қарастырылды. Towngas және оның еншілес құрылымы Towngas Smart Energy өкілдері жаңартылатын энергия көздерін дамыту және көміртегі шығарындыларын төмендететін инфрақұрылымды құру жөніндегі бірлескен бастамаларға қызығушылық танытты.
Invest Hong Kong агенттігімен өткен жұмыс кездесуі Қазақстанның Орталық Азиядағы инвестициялық тартымдылығын тағы да растады: гонконг тарапы Қазақстан экономикасының тұрақты өсімін, инновация мен қаржы салаларындағы ынтымақтастыққа қолайлы мүмкіндіктерді атап өтті.
Сапар қорытындысында тараптар «Belt and Road» бастамасы шеңберінде бірлескен инвестициялық құралдар мен жобаларды әзірлеу және екіжақты серіктестікті одан әрі тереңдету жөніндегі диалогты жалғастыруға уағдаласты. «Бәйтерек» холдингі өз тарапынан қазақстандық инвестициялық мүмкіндіктерді таныстырып, шетелдік инвесторларға арналған мемлекеттік қолдау шараларын және жобаларды іске асырудағы институционалдық тетіктерді ұсынды.
«Гонконгтың іскер қауымымен өнеркәсіп, энергетика және инновация салаларында бірлесіп жұмыс жүргізудің зор әлеуетін көрдік. «Бәйтерек» халықаралық инвесторлар үшін сенімді серіктес ретінде жобаларды тұжырымдамадан бастап енгізу кезеңіне дейін кешенді қолдау көрсетеді. Гонконгпен байланыстарды нығайту арқылы біз ұзақ мерзімді инвестицияларды тартуды күшейтіп, Қазақстанның мүдделерін азиялық капитал нарықтарында белсенді түрде алға жылжытамыз», — деді «Бәйтерек» басқарма төрағасы Рустам Қарагойшин.
«Бәйтерек» холдингінің Гонконгқа сапары холдингтің халықаралық күн тәртібін ілгерілетуде және Қазақстанның Азияның жетекші қаржы орталықтарымен экономикалық ынтымақтастығын кеңейту бағытын бекіту мақсатында маңызды кезең болды.