Сұрақ-жауап
1408 Call-орталығы

15.10.2026

«Бәйтерек» холдингі энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға банктердің қатысуын кеңейтуді ұсынды

Кеңес ал!

15.10.2026

«Бәйтерек» холдингі энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға банктердің қатысуын кеңейтуді ұсынды

«Бәйтерек» холдингі энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға банктердің қатысуын кеңейтуді ұсынды

«Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын қаржыландыру мәселелері жөнінде кеңес ұйымдастырды. Қатысушылар инфрақұрылымды жаңартуға банктердің қатысуын кеңейту, жобаларды қаржыландыруды жеделдету және коммуналдық кәсіпорындар үшін қарыздардың қолжетімділігін арттыру жөніндегі ұсыныстарды қарастырды.

Кеңеске Ұлттық экономика министрлігінің, Ұлттық Банктің, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының және екінші деңгейдегі банктердің өкілдері қатысты. «Бәйтерек» холдингінің компаниялар тобынан Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нұрболат Айдапкелов пен басқарушы директор Руслан Тюлегенов, сондай-ақ Қазақстанның Даму Банкі, Қазақстан Тұрғын Үй Компаниясы және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының басшылары қатысты.

Қанат Бозымбаев инфрақұрылымдық жобаларды кредиттеуге қатысатын банктер қатарын кеңейтіп, коммуналдық кәсіпорындардың жеңілдетілген қаржыландыруға қол жеткізу тетіктерін жетілдіру қажеттігін атап өтті. Бұл жұмысты үйлестіру Ұлттық экономика министрлігіне және ұлттық жобаның қаржы операторы ретінде «Бәйтерек» холдингіне жүктелді.

«Біздің міндетіміз жекелеген мәселелерді шешумен шектелмейді. Біз қаржыландыру шарттарын дәйекті түрде жетілдіріп, ұзақ мерзімді әрі жеңілдетілген қаржыландыруды қамтамасыз етуіміз керек», – деп атап өтті Премьер-Министрдің орынбасары.

«Бәйтерек» холдингі еншілес ұйымдары арқылы жобаларды қаржыландыруды ұйымдастырады және үйлестіреді. Атап айтқанда, Қазақстанның Даму Банкі тікелей қаржыландыру ұсынады, ал Қазақстан Тұрғын Үй Компаниясы жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік бағалы қағаздарын сатып алу арқылы жобаларды қаржыландырады және қарыздар бойынша пайыздық мөлшерлеменің жылдық 10%-дан асатын бөлігін субсидиялайды. Сонымен қатар Холдинг қарыздарды тікелей ұсынатын екінші деңгейдегі банктер мен халықаралық қаржы институттарының қатысуымен жобаларды қаржыландыруды үйлестіреді. Бұл тетіктер желілерді жаңартуға қаражат тартуға және кәсіпорындар үшін қарыз алу құнын төмендетуге мүмкіндік береді.

Нұрболат Айдапкеловтің айтуынша, мемлекеттік табиғи монополия субъектілерінің жобалары 213,8 млрд теңгеге қаржыландырылды. Жеке кәсіпорындар бойынша қаржы институттарының қарауында 434 млрд теңгенің жобалары бар. Оның ішінде 256 млрд теңгенің жобалары екінші деңгейдегі банктерде қарастырылуда.

«Қаржы ресурстары да, қаржы институттарының қызығушылығы да бар. Қазіргі негізгі міндет жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу, тарифтік шешімдер қабылдау, субсидиялау және банктік қаржыландыру рәсімдері арасындағы алшақтықтарды жою болып отыр. Сонымен бірге қарыздарды қамтамасыз ету мәселесін шешіп, банктер үшін қосымша ынталандыру шараларын қарастыру қажет. Бұл жобаларды мақұлдау кезеңінен оларды нақты қаржыландыруға көшуге мүмкіндік береді», – деді ол.

Өз кезегінде «Даму» қорының Басқарма төрағасы Фархат Сәрсекеев шағын жеке табиғи монополия субъектілерін қаржыландыру үшін «Өрлеу» бағдарламасының өңірлік бағытын пайдалануды ұсынды. Тетік жергілікті атқарушы органдардың, Қордың және екінші деңгейдегі банктердің тең қатысуын көздейді. Қаражаттың үштен бір бөлігі әр көзден бөлінеді. Ұсынылып отырған қаржыландыру сомасы бір жобаға 1 млрд теңгеге дейін, ал қарыз алушы үшін мөлшерлеме жылдық 12,6% болады.

«Шағын жеке табиғи монополия субъектілерінің ерекшелігі жеке тәсілді талап етеді. Келісілген өңірлік тетік қарыз алушылар үшін бірыңғай әрі түсінікті қаржыландыру шарттарын сақтай отырып, жаңғыртуға жергілікті бюджеттер мен банктердің қаражатын тартуға мүмкіндік береді деп есептейміз. «Даму» қоры бұл тетікті одан әрі бірлесіп пысықтауға қатысуға дайын», – деді ол.

Негізгі мәселелердің бірі жеке коммуналдық кәсіпорындарда кепілзаттың жеткіліксіздігі болды. Қызмет көрсетуден тұрақты түсім болғанның өзінде тозған желілер мен жабдықтар қажетті қарыздарды тартуға әрдайым мүмкіндік бермейді. Мәселені шешу үшін Холдинг Қазақстанның Даму Банкінің тәжірибесіне сүйене отырып, кәсіпорындардың банктік шоттарына болашақта түсетін ақшалай қаражатты қамтамасыз ету ретінде кеңінен пайдалануды ұсынды. «Даму» қорының кепілдіктері қосымша құрал бола алады.

«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Басқарма төрағасы Марат Елібаев ұлттық жобаны табысты іске асыру үшін қаржы институттарының энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту жобаларын қаржыландыруға белсенді қатысуына жағдай жасау маңызды екенін атап өтті.

«Қазақстанның Даму Банкі (ҚДБ) мұндай өзара іс-қимылды дәйекті түрде кеңейтіп келеді. Бүгінгі таңда Банк үш табиғи монополия субъектісінің 21 жобасы бойынша келісімдер жасасты. Олардың қатарында «Талдықорған акционерлік көлік-электр желілік компаниясы» АҚ мен «Қарағанды Жарық» ЖШС бар. Сондай-ақ «Алматы электр станциялары» АҚ жобасын қаржыландыру туралы алдын ала келісім жасалды», – деп қосты ол.

Холдинг ұсынған шаралар кәсіпорындардың ұзақ мерзімді қаржыландыруға қолжетімділігін кеңейтуге және энергетикалық әрі коммуналдық инфрақұрылымды жаңартуды жеделдетуге бағытталған. Бұл жұмыстың нәтижесінде тұрғындарды жылумен, сумен және электр энергиясымен қамтамасыз ету сенімділігі артып, желілердің тозуы мен апат қаупі төмендеуі тиіс.

Қосымша жаңалықтар

іс-шаралар
күнтізбесі

?

Іздегеніңізді
таппадыңыз ба?

  • Қазақстан Республикасы Президентінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Парламентінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуге бағытталған электронды ресурстар