12.11.2025
- Холдинг туралы
- Тұрақты даму
Кеңес ал!
2025 жылғы 5 қарашада «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ерсайын Хамитов Лондонда өткен Kazakhstan Capital Markets Day 2025 халықаралық форумында сөз сөйледі. Іс-шара Bloomberg және Қазақстан Республикасының Ұлттық банкінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Форумға мемлекеттік органдардың, халықаралық қаржы институттарының және Қазақстанның жетекші эмитенттерінің өкілдері қатысты. Қатысушылар қатарында Қазақстан Республикасының Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов, Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев, «Халық банк» АҚ басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова, сондай-ақ EBRD, Citi, JP Morgan, Clearstream, Amundi, Freedom Finance, Kazatomprom және Air Astana секілді ірі халықаралық ұйымдар мен компаниялардың өкілдері болды.
Ерсайын Хамитов «Қарыз капиталы нарығы және мемлекеттік бағалы қағаздар» атты панельдік сессияда сөйлеген сөзінде «Бәйтерек» холдингінің Қазақстандағы жергілікті кірістілік қисығын қалыптастыру мен қарыз нарығын дамытудағы маңызды рөліне тоқталып, елдің капитал нарығының негізгі даму бағыттарын атап өтті.
«Біз әртүрлі өтеу мерзімдері бар облигацияларды жүйелі түрде шығару арқылы ашық әрі тұрақты кірістілік құрылымын қалыптастырамыз. Бұл жеке эмитенттер үшін бағдар, ал институционалдық инвесторлар үшін сенімді көрсеткіш болып саналады. Осылайша біз нарықтағы сенімді арттырып, Қазақстанның капитал нарығының өтімділігін күшейтеміз», — деді Ерсайын Хамитов.
2025 жылы Холдинг жалпы сомасы 1 млрд АҚШ долларын құрайтын екі транш еурооблигацияны (әрқайсысы 500 млн доллардан) орналастырды. Бұл қадам Қазақстанның жаһандық капитал нарығындағы қатысуын кеңейтіп, халықаралық инвесторлар арасындағы сенім мен танымалдықты арттыруға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, Холдинг тұрақты қаржыландыру құралдарын дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Осы бағытта агроөнеркәсіп кешені, тұрғын үй құрылысы және қайта өңдеу салаларын қолдауға бағытталған әлеуметтік және «жасыл» облигациялар шығарылды.
«ESG қағидаттарына негізделген қаржы құралдары “Бәйтеректің” стратегиялық дамуының ажырамас бөлігіне айналды. Біз “жасыл”, әлеуметтік және тұрақты облигациялардың ұзақ мерзімді капиталды экономиканың басым салаларына тартуда үлкен әлеуетке ие екеніне сенеміз», — деп атап өтті Басқарма төрағасының орынбасары.
Сапар аясында Deutsche Bank, Citi және MUFG секілді жетекші халықаралық қаржы институттарымен екіжақты кездесулер өтті. Кездесулер барысында ынтымақтастықты кеңейту және қазақстандық капитал нарығын дамытуға қатысу мәселелері талқыланды.
Kazakhstan Capital Markets Day 2025 форумы Қазақстан экономикасының макроэкономикалық келешегін, мемлекеттік бағалы қағаздар нарығының даму үрдістерін және тұрақты қаржыландыру принциптерін ілгерілету мәселелерін талқылайтын маңызды халықаралық алаңға айналды.