24.06.2026
- Холдинг туралы
- Тұрақты даму
Кеңес ал!
23 маусым күні Брюссельде Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бельгия Корольдігіне жасаған ресми сапары аясында «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ Басқарма төрағасы Рустам Қарагойшин «Қазақстан–ЕО» дөңгелек үстеліне, екіжақты құжаттарға қол қою рәсіміне қатысып, бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.
Sedecal тобының бас директоры әрі акционері Мануэль Мартинес Альвареспен және Roca Group компаниясының бас атқарушы директоры Альберто Магранспен өткен кездесулер барысында тараптар өнеркәсіптік кооперацияны дамыту перспективаларын талқылады. Сонымен қатар компаниялардың өңірдегі экспорттық әлеуетін арттыру мақсатында холдинг құралдарын, оның ішінде Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігінің тетіктерін пайдалану мүмкіндіктері қарастырылды.
Рустам Қарагойшиннің қатысуымен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі, «АгромашХолдинг KZ» АҚ және Eurasia Group AG компаниясының қатысуымен Dewulf NV және Väderstad AB компанияларымен өнеркәсіптік кооперацияны құру және дамыту жөніндегі екі стратегиялық келісімге қол қойылды. Құжаттар Қазақстанда машина жасау саласын, сервистік инфрақұрылымды және ауыл шаруашылығы техникасын қосалқы бөлшектермен қамтамасыз ету жүйесін дамытуға бағытталған.
Холдинг басшысы сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Еуропалық Одақтың сауда және экономикалық қауіпсіздік жөніндегі комиссары Марош Шефчовичтің қатысуымен өткен «Қазақстан–ЕО» дөңгелек үстеліне қатысты. Іс-шара барысында Sarens Group, Roca Group, Dewulf Group және Väderstad AB, Polpharma Group, Airbus, LOT Polish Airlines, Bureau Veritas, Maersk Group және Cargolux компанияларының басшылары Қазақстандағы инвестициялық жобаларын таныстырды.
Еуропалық инвестициялық банктің вице-президенті Марек Морамен өткен кездесуде тараптар Global Gateway стратегиясы аясында Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту мәселелерін, сондай-ақ жол инфрақұрылымы, порттар, логистика және агроөнеркәсіптік кешен салаларындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады. Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстанның Даму Банкі жол инфрақұрылымы, порттар және логистика салаларындағы жобаларды қаржыландыру үшін Еуропалық инвестициялық банктің қарыз қаражатын тарту жөніндегі ниеттер туралы хатқа қол қойды.
«Еуропалық Одақ Қазақстанның инвестициялық күн тәртібін іске асырудағы стратегиялық серіктесі болып қала береді. Қол қойылған құжаттар мен қол жеткізілген уағдаластықтар Қазақстан экономикасының басым секторларына еуропалық технологияларды, капитал мен құзыреттерді тартуға жаңа мүмкіндіктер ашады», – деді Рустам Қарагойшин.
Қол жеткізілген келісімдерді іске асыру еуропалық инвестициялар мен технологияларды тартуға, Қазақстанның Орталық Азия мен ЕАЭО нарықтары үшін өндірістік әрі логистикалық платформа ретіндегі рөлін нығайтуға, сондай-ақ қазақстандық экспорттаушыларды қолдау құралдарын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Анықтама үшін:
«Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ тоғыз даму институтын біріктіреді және Қазақстанның экономикалық әрі инвестициялық саясатын іске асыратын негізгі қаржы институты. Холдингтің жиынтық активтері шамамен 40 млрд АҚШ доллар, ал кредиттік-инвестициялық портфелі 30 млрд АҚШ долларынан асады. Еуропалық Одақ Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі саналады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен ЕО арасындағы тауар айналымы 45,1 млрд АҚШ долларын құраса, 2005–2025 жылдар аралығында ЕО елдерінен тартылған жалпы тікелей инвестициялар көлемі 211,4 млрд АҚШ долларына жетті.