12.12.2025
- Холдинг туралы
- Тұрақты даму
Кеңес ал!
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің Басқарма Төрағасының орынбасары Тимур Онжанов Абу-Даби қаласында (БАӘ) өткен Abu Dhabi Finance Week (ADFW) және AIFC Connect халықаралық қаржы іс-шараларына қатысты. Бұл алаңдар өңірдің ірі институционалдық инвесторларымен тікелей диалог жүргізуге және Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін таныстыруға мүмкіндік берді.
Іскерлік бағдарлама шеңберінде Тимур Онжанов AIFC Connect сессиясында сөз сөйледі. Аталған сессия егеменді және институционалдық инвесторлармен өзара іс-қимыл тақырыбына арналды. Өз баяндамасында ол Холдингтің ұлттық инвестициялық холдингке трансформациялануға қатысты тәсілдерін және инвестициялық портфельдің негізгі бағыттарын таныстырды.
Сонымен қатар, БАӘ-нің жетекші қаржы институттарымен екіжақты кездесулер өтті. Олардың қатарында ADQ, Investcorp, Abu Dhabi Fund for Development, Abu Dhabi Chamber of Commerce, Lunate және бірқатар жеке инвестициялық компаниялар, соның ішінде тікелей және венчурлық инвестициялар қорлары бар. Тараптар бірлесіп инвестициялау тетіктерін, индустриялық, инфрақұрылымдық және логистикалық жобаларға серіктестердің қатысуын, сондай-ақ координацияланған қаржыландыру аясында ұзақ мерзімді капитал тарту тәсілдерін талқылады.
Келіссөздердің бөлек бөлігінде 25 қарашада Астанада өткен Қазақстан–Эмираттар дөңгелек үстелінде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мәселелері қаралды. Әңгіме энергетика және көлік инфрақұрылымы салаларындағы бірлескен бастамаларды дамыту туралы болды.
Тимур Онжановтың айтуынша, халықаралық кездесулер инвесторлардың Қазақстан жобаларына жоғары қызығушылық танытып отырғанын көрсетті.
«Холдинг үшін нақты экономикалық құндылық қалыптастыратын әріптестіктер құру маңызды. Біз жаңа өндірістік қуаттарды іске қосатын, экспорттық әлеуетті арттыратын және инфрақұрылымдық байланыстарды нығайтатын жобаларға басымдық беріп отырмыз. Абу-Дабидегі өтіп жатқан іс-шаралар біздің инвестициялық портфелімізді ілгерілетуге және өңірдің негізгі институттарымен ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал етті», — деді ол.
Кездесулердің нәтижесінде ықтимал ынтымақтастық бағыттарының кеңейтілген тізімі қалыптастырылды. Тараптар инвестициялық бастамаларды одан әрі пысықтауға, соның ішінде бірлескен құралдар құруға және Холдинг пен оның еншілес ұйымдарының жобаларына стратегиялық инвесторларды тартуға келісті.