10.11.2025
- Холдинг туралы
- Тұрақты даму
Кеңес ал!
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Тимур Онжановтың жетекшілігімен делегация АҚШ Мемлекеттік департаменті ұйымдастырған «C5+1: Unlocking Investment. Unleashing Prosperity» атты мерейтойлық бизнес-конференцияға қатысты. Іс-шара Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Америка Құрама Штаттарына ресми сапары аясында өтіп, Орталық Азия елдері мен АҚШ арасындағы серіктестіктің он жылдығына арналды.
Конференция жұмысына Қазақстанның мемлекеттік органдарының, ұлттық компанияларының және жеке сектор өкілдері қатысты. Олардың қатарында «Самұрық-Қазына» АҚ, «Астана» халықаралық қаржы орталығы, Freedom Holding Corp., KAZ Minerals PLC, «Air Astana», «Kaspi.kz», «Bilim Media Group», «ERG», «Beeline Қазақстан», «BTS Digital» және басқа да компаниялар бар. Қазақстан цифрлық экономиканы дамыту жөніндегі сессияның тең модераторы болды. Онда цифрландыру, киберқауіпсіздік және америкалық серіктестермен бірлескен инновациялық жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.
Сапар барысында индустриялық және технологиялық ынтымақтастық мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Вашингтон қаласында Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ, «АгромашХолдинг KZ» АҚ, Eurasia Group AG және John Deere Walldorf International GmbH арасында құны 2,5 млрд АҚШ долларын құрайтын өнеркәсіптік кооперацияны дамыту жөніндегі стратегиялық келісімге қол қойылды. Құжат аясында Қостанай және Түркістан қалаларындағы «АгромашХолдинг KZ» базасында John Deere ауыл шаруашылығы техникасын өндіруді жергіліктендіру, үш сервис орталығын салу, жаңа жұмыс орындарын ашу, отандық мамандардың біліктілігін арттыру және Қазақстанды ТМД елдеріне қосалқы бөлшектер жеткізетін өңірлік хаб ретінде қалыптастыру көзделген. Келісім шеңберінде «Бәйтерек» холдингі John Deere техникасын сатып алуға жеңілдетілген қаржыландыру тетіктерін қамтамасыз етеді.
«Бәйтерек» холдингі басқарма төрағасының орынбасарының айтуынша, бұл келісім Қазақстан мен АҚШ арасындағы өнеркәсіптік кооперацияны кеңейту жолындағы маңызды қадам болып табылады және отандық машина жасау саласының дамуына серпін береді.
«Бұл әріптестік технологияларды дамытуға, жұмыспен қамтуды арттыруға және елдің экспорттық әлеуетін күшейтуге бағытталған орнықты өндірістік экожүйені қалыптастырудың стратегиялық негізі болып саналады. Бүгінде Қазақстан Орталық Азия өңірінің жалпы ішкі өнімінің 60 пайыздан астамын қамтамасыз ете отырып, инвестиция тартудың басты орталығы болып қала береді. Сондай-ақ, шетелде мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын жүзеге асыратын DFC корпорациясымен және Халықаралық жеке кәсіпкерлік орталығы – CIPE ұйымымен тығыз ынтымақтастық орнатудың маңызы зор. «Бәйтерек» холдингі Үкіметтің негізгі қаржы институты ретінде ұлттық жобаларды қолдап, ел экономикасының жаңа өсу нүктелерін қалыптастыру бағытындағы қызметін жалғастыра береді», — деді Тимур Онжанов панельдік сессия барысында.
Панельдік сессия аясында ол Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырып, «Бәйтеректің» толыққанды инвестициялық институтқа трансформациясы жөнінде баяндады. Өз сөзінде басқарма төрағасының орынбасары холдинг қызметінің басты мақсаты — өнеркәсіп, кәсіпкерлік, аграрлық сектор, тұрғын үй құрылысы және инфрақұрылым салалары сияқты басым бағыттарды қолдау екенін атап өтті.
Мемлекет басшысының Америка Құрама Штаттарына ресми сапары қорытындысы бойынша жалпы құны шамамен 17 млрд АҚШ долларын құрайтын 29 екіжақты келісімге қол қойылды. Құжаттар өнеркәсіп, энергетика, цифрландыру, білім және ғылым салаларын қамтиды. Олардың қатарында Air Astana мен Boeing арасындағы 18 жаңа ұшақ жеткізу туралы келісім, «Тау-Кен Самұрық» АҚ мен Cove Capital арасындағы вольфрам кен орындарын игеру жөніндегі серіктестік, Freedom Holding Corp. пен NVIDIA компанияларының өңірлік жасанды интеллект орталығын құру жобасы, сондай-ақ Hewlett Packard Enterprise, Cisco, Oracle, Visa және басқа да халықаралық компаниялармен жасалған меморандумдар бар.