19.12.2024
- Холдинг туралы
Қазақстан-Сингапур бизнес-форумы шеңберінде «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ өзінің еншілес ұйымы «Qazaqstan Investment Corporation» АҚ арқылы және сингапурлық Forebright Capital Asia Private Limited компаниясы инвестициялық келісімге қол қойды. Келісім мультиомикс технологиялары мен синтетикалық биология саласындағы озық жобаларға инвестиция салуға бағытталған бірлескен қор құруға қатысты.
Бұл қор туа біткен ақаулардың алдын алу және бақылау саласындағы зерттеулерге, жаңа туған нәрестелерді кешенді скринингке күш-жігерін жұмылдырады. Қордың географиялық қамтылуы Қазақстанға ерекше назар аудара отырып, Таяу Шығыс, Еуропа және Азия елдерін көздейді.
Құжатқа «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарма төрағасы Рустам Карагойшин мен Forebright Capital Asia Private Limited басқарма төрағасы Лю Ченг қол қойды.
«Бүгінгі қор құру туралы келісім жаһандық инновациялар мен серіктестіктерге инвестициялау стратегиямыздың үлгісі болып табылады. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, сингапурлық бизнесті ынтымақтастығымызды нығайтуға және кеңейтуге тартамыз. «Бәйтерек» Холдингі Қазақстан мен Сингапур арасындағы бизнес-бастамалар үшін сенімді серіктес болуға дайын», - деп атап өтті Рустам Карагойшин.
Келісім шеңберінде Қазақстанның медицина қызметкерлері мен зерттеушілері үшін білім беру бағдарламаларын, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы қазақстандық студенттер мен магистранттар үшін тағылымдамалар өткізу жоспарлануда.