19.12.2024
- Холдинг туралы
«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарма төрағасы Рустам Карагойшин Citigroup Inc өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында Холдингтің халықаралық капитал нарығына шығу жоспарлары, жақын болашақта қажет қорландыру, сондай-ақ екі ұйым арасындағы ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланды.
Citigroup-тың қазіргі жағдайы және Қазақстан мен Орталық Азияда дамыту келешегіне ерекше назар аударылды. Кездесуге қатысушылар бірлесе жұмыс жүргізетін әлеуетті салаларды, сондай-ақ Қазақстан мен аймақтың экономикасын дамытуға бағытталған инвестициялық жобалар мен бастамаларды қарастырды.
«Біз Citigroup-пен ынтымақтастық үшін перспектива зор екенін көріп отырмыз, ол Қазақстан экономикасын одан әрі дамытатын катализатор бола алады. Біздің бірлескен жобаларымыз жаңа инвестициялар тартуға және бизнестің өсуіне қосымша мүмкіндіктер береді», - деп атап өтті «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарма төрағасы Рустам Карагойшин.
«Бәйтерек» холдингінің құрылымына кіретін «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ (ҚДБ) Citigroup-пен табысты ынтымақтастық орнатқан. ҚДБ-ның City New York және City London-да АҚШ долларымен және жапон йенасымен корреспонденттік шоттары бар. Қарым-қатынас барысында қарыз қаражаттары тартылып, еурооблигациялар шығарылады және облигациялар нарығындағы мәмілелер жасалады.
Табысты ынтымақтастықтың бір мысалы – газтурбиналық электр станциясының құрылысын қаржыландыру үшін 2009 жылы алынған 3,4 млрд йен сомасындағы JBIC/Citi қарызы, аталған жоба Қызылорда қаласы мен Қызылорда облысының тұтынушыларын электрмен жабдықтауға бағытталған. Кейін Citi Bank 2017, 2018, 2021, 2022 және 2024 жылдары ҚДБ еурооблигацияларын шығару бойынша андеррайтер және қаржылық кеңесші болды. Сонымен қатар, Citi 2024 жылы ҚДБ-ның 500 млн АҚШ доллары сомасындағы еурооблигацияларын және 100 млрд теңге сомасындағы «тұрақты» облигацияларды шығаруға қатысып, ESG консультант рөлін атқарды.