25.09.2024 18:57:00
- Холдинг туралы
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ басшылығымен кездесті.
Кездесуге «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ президентінің м.а. Гокер Косе, мемлекеттік органдармен жұмыс жөніндегі Вице-президент Уфук Серт, холдинг Басқарма төрағасының орынбасары Жандос Шайхы, сондай-ақ Qazaqstan Investment Corporation Басқарма төрағасының орынбасары Ғаббас Ержанов қатысты.
Кездесу шеңберінде тараптар Алматы халықаралық әуежайын дамыту перспективаларын және іргелес аумақтың көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі бірлескен шараларды талқылады. 2024 жылдың маусымында жұмыс істей бастаған жаңа әуежай терминалы «EDGE Advanced» халықаралық стандарттарына сәйкес жобаланған. Бұл әуежайды жаңартудың негізгі жобасы болды. Жаңа терминалдың жалпы ауданы 53,5 мың шаршы метр, ал оның өткізу қабілеті жылына 14 млн жолаушыға қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
«Бәйтерек» Қазақстанның инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған стратегиялық жобаларды қолдайды. Біз Алматы халықаралық әуежайының жетістіктерін мақтан тұтамыз және оның елдің көлік желісін дамытудағы маңызды рөл атқаратыны бәрімізге мәлім», — деді Рустам Қарағойшин.
Айта кету керек, «Tav Airports Holding» және «Kazakhstan Infrastructure Fund C.V.», «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ еншілес ұйымы «Qazaqstan Investment Corporation» АҚ портфельдік қоры атынан инвесторлар консорциумы Алматы әуежайының жаңа терминалын салу жобасының инвесторларының бірі болды. Бүгінгі таңда әуежай айтарлықтай жетістіктерге жетті: жолаушылар ағыны 2021 жылы 6,1 миллионнан 2023 жылы рекордтық 9,5 миллионға дейін өсті, ал халықаралық авиакомпаниялар саны 21-ден 35-ке дейін өсті.
Қайта құру жобасы шеңберінде ішкі рейстерге қызмет көрсету аймағын жаңарту жоспарланған. Қолданыстағы ішкі рейстер терминалын қайта жаңарту жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру және оның өткізу қабілетін арттыру мақсатында 2024 жылдың IV тоқсанында басталады.
Анықтамалық ақпарат
TAV Airports — жылына 100 миллионнан астам жолаушыға қызмет көрсететін жетекші әуежай операторы. Компания сегіз елде 15 әуежайды басқарады және жер үсті қызметі, терминалды басқару, сауда және тамақтану қызметтерін қоса алғанда әуежай инфрақұрылымымен байланысты қызметтердің кең спектрін ұсынады.
«Qazaqstan Investment Corporation» АҚ («Бәйтерек» ҰБХ» АҚ еншілес ұйымы) - 2007 жылы құрылған тікелей инвестициялар қорларының қоры. Қордың негізгі миссиясы - елдің тұрақты экономикалық дамуына жәрдемдесу мақсатында Қазақстанда private equity инфрақұрылымын дамыту.