Сұрақ-жауап
9077 Call-орталығы
А А Экран дикторы

29.05.2025 20:56:00

«Бәйтерек» холдингі Еуропалық инвестициялық банкпен стратегиялық әріптестікті кеңейтеді

Кеңес ал!

21.05.2025

Астанада Қазақстан-Герман Іскерлік кеңесінің отырысы өтті

Астанада Қазақстан-Герман Іскерлік кеңесінің отырысы өтті

20 мамыр күні Астанада Қазақстан-Герман Іскерлік кеңесінің 16-отырысы өтті. Шараға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Роман Скляр, сондай-ақ «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің басшылығы, министрліктер мен жетекші отандық кәсіпкерлер қатысты. Кездесудің басты тақырыбы – екіжақты экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму перспективалары болды.

«Біздің алаң шынымен де аса сұранысқа ие әрі пайдалы платформаға айналды. Мұндай кездесулер екі тарапқа да өзара «сағаттарын теңестіруге», өзекті мәселелерді анықтауға және бизнес қауымдастықтар арасындағы ынтымақтастықты тереңдетудің алдағы қадамдарын талқылауға мүмкіндік береді. Қатысушылар санының тұрақты өсуі мен күн тәртібінің барынша практикалық сипатқа ие болып келе жатқаны қуантарлық жайт», – деді Қазақстан тарапынан кеңестің теңтөрағасы Роман Скляр.

«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарма төрағасы Рустам Қарагойшиннің айтуынша, Қазақстан мен Германия арасындағы қарым-қатынастар Орталық Азия мен Еуропа арасындағы экономикалық және саяси өзара іс-қимылды кеңейтуде ерекше орынға ие.

«Германия – әлемдегі жетекші экономикалардың бірі ретінде Қазақстанның Еуропалық Одақ елдері арасындағы ең ірі сауда серіктесі. Сонымен қатар, Қазақстан Германияның сыртқы сауда серіктестері арасында үздік 50 елдің қатарына еніп, 2024 жылғы қорытынды бойынша 43-орынды иеленді. Бұған қоса, Қазақстан – Германия үшін Орталық Азиядағы басты серіктес. Аймақ елдерімен Германияның жалпы сыртқы сауда айналымының 83%-ы біздің елімізге тиесілі», – деді Қазақстан тарапынан кеңестің теңтөрағасы Рустам Қарагойшин.

Қазақстан мен Германия арасындағы ынтымақтастық берік инвестициялық негізде дамуын жалғастыруда. Linde, Heidelberg Materials, CLAAS, Horsch, WIKA және Zollman сынды компаниялардың қатысуымен күн электр станциясы, цемент және машина жасау зауыттары, геологиялық зерттеу зертханасы және басқа да өнеркәсіптік нысандардың құрылысы сәтті жүзеге асырылды.

Қазақстан Германияны стратегиялық басымдықтарды іске асырудағы негізгі серіктестердің бірі ретінде қарастырады. Әсіресе, қосылған құны жоғары және технологиялық серіктестікке бейім салаларда – өңдеу өнеркәсібі, инфрақұрылым, логистика, металлургия, химия өнеркәсібі және агроөнеркәсіптік кешен.

Германиямен өзара іс-қимыл энергетика саласын жаңғыртуға, цифрлық трансформация мен өндірістегі инновацияларды енгізуге бағытталған жоғары технологиялық әрі тұрақты шешімдер тұрғысынан да өзекті болып отыр. Осыған байланысты «Бәйтерек» холдингі институционалдық көпір ретінде бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін түрлі қаржылық құралдарды – бірлескен инвестициялаудан бастап кепілдік механизмдерге дейін ұсынуға дайын. Қазақстанның экономикалық мүдделері мен стратегиялық мақсаттарының тоғысқан осы бағыттарында Германиямен ұзақ мерзімді серіктестік үшін нақты әрі кеңейтілетін мүмкіндіктер ашылуда.

Кеңес аясында өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға, технологиялық серіктестікке және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталған құжаттарға қол қойылды. Атап айтқанда, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ мен KfW Development Bank, сондай-ақ «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС мен IMI zimmermann & jansen technologies gmbh арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумдар, «Жезқазғанредмет» РМК мен DAR Metall AG арасындағы ынтымақтастық туралы келісім және Қазақстанның Даму Банкі мен KfW Development Bank арасындағы қаржыландырудың негізгі шарттары келісілді.

Германия экономикасының Шығыс комитетінің Бас директоры, кеңестің Германия тарапынан теңтөрағасы Михаэль Хармс Қазақстандағы іскерлік ахуалдың тұрақтылығы мен болжамдылығы, құрылымдық реформалар мен технологиялық серіктестікке дайындығы бұл елді Германия үшін Орталық Азиядағы басты әріптестердің біріне айналдыратынын атап өтті.

«Неміс компаниялары Қазақстанмен ынтымақтастықта зор әлеует бар екенін көріп отыр және экономиканың басым секторларында – шикізатты қайта өңдеуден бастап жоғары технологиялық машина жасауға дейін – өз қатысуын кеңейтуге дайын», – деді ол.

Іскерлік кеңес аясында панельдік сессиялар ұйымдастырылып, Қазақстан мен Германия арасындағы экономикалық байланыстарды тереңдету жолдары мен бірлескен жобаларды қаржыландыру тетіктері талқыланды. Германия тарапынан сарапшылар ретінде Германия Аграрлық альянсының бас директоры Пер Бродерсен және KfW Banken Group, KfW IPEX-Bank GmbH, ODDO BHF SE, AKA Bank және басқа да қаржы ұйымдарының өкілдері сөз сөйледі.

Қазақстан тарапынан сөз сөйлегендер қатарында Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков, «Қазақстан машина жасаушылары одағы» ЗТБ басқарма төрағасы Мейрам Пшембаев, Қазақстан Республикасының Германия Федеративтік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұрлан Онжанов және басқалар болды.

Іс-шараны «Бәйтерек» холдингі басқарма төрағасының орынбасары Ерсайын Хамитов қорытындылады. Ол Қазақстан мен Германия іскерлік топтарының арасындағы диалогтың нәтижелі өткенін атап өтті.

«Бәйтерек» холдингі Германиямен бірлескен кәсіпорындарға Қазақстан аумағында іске асырылуына әрдайым қолдау көрсетуге дайын. Сондықтан біз неміс инвесторларын, неміс капиталын және неміс жобаларын Қазақстан Республикасының аумағында құшақ жая қарсы аламыз. Бүгінгі меморандумдар мен келісімдер аясында біз инвестиция тартуға арналған несиелік желілер ашып отырмыз. Машина жасау, энергетика, жаңартылатын энергия көздері салаларындағы жобалар холдингіміздің институттары арқылы іске асырылады», – деді ол.

Іс-шара соңында қатысушылар пікір алмасу нәтижелері өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал ететініне сенім білдірді.

Қосымша жаңалықтар

іс-шаралар
күнтізбесі

?

Іздегеніңізді
таппадыңыз ба?

  • Қазақстан Республикасы Президентінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Парламентінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуге бағытталған электронды ресурстар