19.12.2024
- Холдинг туралы
Агроөнеркәсіптік кешендегі сақтандыру жүйесі жетіліп, оған шаруалардың қызығушылығы артып келеді. 2020 жылы ерікті механизмге ауысқан жүйе егіншілікпен қатар, мал шаруашылығы саласын да қамтиды. Бұрын мемлекет сақтандыру сыйақысының 50%-ын субсидия түрінде төлесе, 2022 жылғы 5 қыркүйектен бастап сақтандыру сыйақысын субсидиялау 80%-ға дейін артты. Осылайша, шаруалар сақтандыру құнының бестен бір бөлігін ғана төлейді.
«Ақмола Феникс» АҚ бидай, арпа, күнбағыс, зығыр, қытайбұршақ, жүгері өсірумен айналысады. Егістік алқабы 34 мың гектар. Кәсіп иесі Бейбіт Әбілқасымовтың айтуынша, көктемгі егіс науқанына жұмсалатын шығын жоғары, сол себепті тәуекелді азайту үшін қожалық жыл сайын егістік алқабын құрғақшылық пен жаңбырдан сақтандырады.
Биыл ақмолалық агроқұрылым егістікті сақтандыру шартын жасасуға 47 млн теңге төлеген. Сақтандыру сыйақысының тең жарымын – тағы 47 млн теңгені мемлекет субсидия түрінде төледі. Сақтандыру жағдайы туындағасын шаруашылық биыл 167 млн теңге төлем алды.
Жаңа норматив бойынша осындай шарт жасасу кезінде фермердің сақтандыруға кеткен шығыны 28,2 млн теңгеге азайып, енді 18,8 млн теңге төлейді.
Ауыл шаруашылығы министрлігі сақтандыру сыйақыларын субсидиялау жүйесіне енгізген өзгерістер 2022 жылғы 5 қыркүйекте күшіне енеді. Мұндай жаңашылдық сақтандыру шартының құнын төмендетіп, фермерлерге сақтандырулың тиімділігін арттырады.
- Сақтандыру өнімінің пайдасын түсінген фермерлер сақтандыруға қызығушылық танытып отыр. 2020-2021 жылдары ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 265,7 мың гектардан астам жерді, 2,6 млн бас үй жануары мен құсты сақтандырып, 254 сақтандыру шартын жасасты. Биылғы 7 айда 213 келісім-шарт жасалды, 354 мың гектар және 114 мыңнан астам бас жануар мен құс сақтандырылды, - дейді «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарушы директоры Ерлан Молдашев.
Айта кетейік, 2021 жылдың желтоқсан айынан бастап агросақтандыру операторы - «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы – Аграрлық несие корпорациясы болып бекітілді. Сақтандыру келісім-шартын Qoldau.kz платформасында онлайн түрде рәсімдеуге болады.