- Холдинг туралы
Құрметті Әлихан Асханұлы!
Құрметті Үкімет мүшелері!
Осы жылдың 6 айында Бәйтерек холдингі тұрғын үй құрылысы шеңберінде мынадай негізгі нәтижелерге қол жеткізді.
2-слайд
Облигацияларды сатып алу механизмі арқылы кредиттік тұрғын үй салу бағыты бойынша әкімдіктер жалпы сомасы 126,4 млрд. теңгеге қаражат ұсынды.
Бұған қосымша, осы жылдың соңына дейін 162,2 млрд. теңгеге Жергілікті атқарушы органдардың облигациялары сатып алынатын болады.
Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша 2022 жылдың бірінші жарты жылдығында халыққа жалпы сомасы 649,7 млрд. теңгеге 38,9 мың жеңілдікпен қарыз берілді. Отбасы банк жүйесінде 1,89 трлн. теңгеге 2,39 млн. келісімшарт жасалған.
Үлестік тұрғын үй құрылысы бағыты бойынша, 589 мың шаршы метр болатын тұрғын үй, жалпы сомасы 97 млрд. теңгеге 15 жоба кепілдендірілді. Бұл 7 мың азаматтың салымдарын қорғауға мүмкіндік берді.
Жеке құрылыс салушылардың кредиттерін субсидиялау бағыты бойынша жалпы сомасы 3,5 млрд.теңгеге, 170 мың шаршы метр тұрғын үй жобасы мақұлданды.
3-слайд
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жеке тұрғын үй қорының жалдау ақысын субсидиялау тетігі іске асырылуда. Қайырбек Айтбайұлы атап өткендей, бүгінде Отбасы банк 6 мыңнан астам өтінімді мақұлдады.
Өтінім беру процесі автоматтандырылған, otbasybank.kz платформасында бағдарлама талаптарына сәйкес келетін кез келген қазақстандық ЭЦҚ арқылы субсидиялауға өтінім бере алады.
Қазір қаралып жатқан өзгерістер әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларға қатысты. Олар жалақы, жеке кәсіпкерліктен түсетін кіріс және ақылы қызмет көрсету туралы шарт бойынша кіріспен қатар табыс ретінде есептеліп отыр.
Дәл осы себеппен бағдарламаның 1000-нан астам қатысушысына бас тартылды.
Осыған байланысты, бүгінгі таңда, тиісті құқықтық актілерге әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларды табыс санатынан алып тастау бойынша өзгерістер енгізу мәселесі пысықталуда. Бұл бұрын осы себеппен бас тартылған азаматтарға қайтадан өтінім беріп, субсидия алуына мүмкіндік береді.
Осы бағдарламаны іске асыру шеңберінде қаражатты уақытылы аудару мақсатында жергілікті атқарушы органдармен жұмыс жүргізілуде.
17 өңір бойынша: бір өңірден қаражат келіп түсті, бес өңірде келісімдерге қол қойылды, сегіз өңірде қаражатты аудару жөніндегі шартқа қол қойылуда, үш өңірде мәслихат сессиясы өтпеген.
Бұл бағыттағы жұмыс жалғасатын болады.
4-слайд
Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға кезекте тұрғандардың тізімін жүргізу мақсатында Банк "Бірінші тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы" электрондық базасы ақпараттық жүйесін әзірлеуде.
Осы міндетті іске асыру үшін мемлекеттік деректер қорының 18 сервисіне сұрау жасалды, оның 16-сы тестілік режимде қосылды. Мемлекеттік техникалық қызмет аттестаттаудан өткізу үшін бағдарламалық жасақтама мен инфрақұрылым тестілеуден өткізілуде.
Бүгінгі күні функционалды іске асыру бойынша міндеттердің әзірлігі шамамен 60% құрайды, атап айтқанда, олар есепке қою, кезекте тұрғандарды ауыстыру, есептен шығару және негізгі деректерді жаңарту. Тестілеу болжам бойынша 2022 жылы тамызда аяқталады.
Базаны түгендеу бойынша тапсырманың дайындығы шамамен 45%, тестілеу ағымдағы жылдың қыркүйек айында аяқталады деп болжануда.
Банктің ақпараттық жүйелерінің ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін тексеретін "Мемлекеттік техникалық қызмет" акционерлік қоғамының сынақтарына дайындық жүргізілуде. Сынақтар жүргізу үшін өтінім берудің жоспарланған күні - 2022 жылдың үшінші тоқсаны.
«Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» электрондық базасын іске қосу үшін тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері жөніндегі заң жобасын қабылдау қажет (заң жобасы Парламенттен жыл соңына дейін шығуы тиіс) және кезекте тұрғандарды есепке алудың бірыңғай ұлттық жүйесінің қолданыстағы базасын Банкке беру қажет, одан кейін базаны өндірісте сынау керек (болжамды мерзім – 120 күн).
5-слайд
"Бәйтерек" холдингі тұрғын үй саясатындағы жаңа тәсілдер шеңберінде бірнеше ұсыныстар әзірледі.
Бірінші. Әкімдіктерді облигациялық қаржыландыруды кредиттік тұрғын үй құрылысына ғана емес, сондай-ақ апаттық және ескірген тұрғын үйлерді реновациялау бағдарламаларына бағыттау ұсынылады.
Қаржыландыру револьверлік негізде жылдық 4,25% 2 жылға дейінгі мерзімге берілуі мүмкін.
2020 жылы Ұлттық банктің 180 млрд. теңге мөлшерінде бөлінген сомасы қаражат көзі бола алады.
Осы қаражатты қайтарудың мерзімі 2024 жылы басталады, осыған байланысты қаражатты қайтару мерзімін 2030 жылға дейін ұзарту ұсынылады.
Бұл реновация бағдарламасымен еліміз бойынша шамамен 45 мың пәтерді қамтуға мүмкіндік береді.
Тұрғын үй-коммуналдық даму тұжырымдамасына қажетті өзгерістер әзірленіп, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне жолданды.
6-слайд
Екінші. Зейнетақы жинақтарының тұрғын үйге жұмсауға болатын шекті мөлшерінің өсуіне және келесі жылы «7-20-25» бағдарламасының аяқталуына байланысты 500 млрд. теңге ипотекаға немесе 35 мың пәтерге деген сұраныстың төмен болуы болжануда.
Жеке құрылыс салушылардың коммерциялық тұрғын үйді сату жылдамдығы айтарлықтай төмендеуі мүмкін.
Сұраныстың өтелмеуіне жол бермеу мақсатында халық үшін Екінші деңгейлі банктердің нарықтық ипотекасы бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау тетігін іске қосу ұсынылады.
Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығымен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде мынадай базалық шарттар ұсынылады:
- бастапқы жарна 20 пайыздан бастап;
- кредит беру мерзімі 20 жылға дейін;
- қарыздың ең жоғарғы сомасы 35 млн. теңгеге дейін;
- төлем қабілеттілігін міндетті түрде растау.
Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесінің деңгейінен 5%-дан аспайтын ипотека бойынша сыйақы мөлшерлемесінің 7% субсидияланады.
Екінші деңгейлі банктер өз қаражаты есебінен құрылыс салушылардың бастапқы тұрғын үйіне және Қазақстан тұрғын үй компаниясының кепілдігімен қамтамасыз етілген салынып жатқан тұрғын үйге қарыз бере алады.
Осы бағдарламаны іске қосу үшін заңнамалық өзгерістер қажет емес.
Қазіргі уақытта бюджеттік өтінім Қаржы министрлігінің қарауында.
Бюджет мақұлданғаннан кейін, Қазақстандық тұрғын үй компаниясы осы бағдарламаны дереу іске қосуға дайын.
Құрметті Әлихан Асханұлы!
Жалпы, осы жылдың 6 айында тұрғын үй құрылысы шеңберінде барлық қойылған нысаналы индикаторларға қол жеткізілді. Жұмыстар уақтылы орындалатын болады.
Назарларыңызға рақмет.