10.10.2024
- Холдинг туралы
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ ХІІ Астана экономикалық форумы аясында қолжетімді тұрғын үйдің қазіргі заманғы экожүйесін құрудағы мемлекеттің рөлін талқылауға арналған сессия өткізеді.
Қазақстанда Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда, оған сәйкес «Бәйтерек» холдингі өзінің еншілес компаниялары арқылы тұрғын үй құрылысы нарығында сұраныс пен ұсынысты ынталандырады. Тұрғын үйге қолжетімділікті арттыру бойынша жүйелі шараларды дамытуды жалғастыру және 2030 жылға қарай бір тұрғынды 30 шаршы метр тұрғын үймен қамтамасыз ету көрсеткішіне жеткізу қажет. Сонымен бірге, Сингапур және Оңтүстік Корея секілді елдердің тәжірибесі өте жақсы, онда бірыңғай мемлекеттік оператор жаппай тұрғын үй құрылысын халық үшін қажетті барлық жеңілдіктермен жан-жақты іске асырады.
Сессия жұмысына ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму Бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Әнуар Омарқожаев, «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова, «BeInTech» ЖШС құрылыс индустриясын цифрландыру жөніндегі директоры Асхат Тұрғынбекұлы, сондай-ақ Сингапурдағы ынтымақтастық кәсіпорнының жетекші консультанты Яп Чин Бенг (Yap Chin Beng) және Кореяның тұрғын үй кепілдігі корпорациясының басқарма төрағасы Ли Чае Кванг (Lee Chae Kwang) қатысады.
Сессияда халық үшін қолжетімді тұрғын үйдің заманауи экожүйесін құрудағы мемлекеттің рөлі, заманауи технологияларды қолданумен қала құрылысы шешімдері және құрылыс саласын цифрландыру, сондай-ақ «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ тұрғын үй блогын ең жақсы шетелдік тәжірибені ескере отырып, бірыңғай тұрғын үй құрылысы операторына айналдыру мәселелері талқыланады.
Өткізілетін күні және уақыты: 2019 жылғы 17 мамыр, 09.00.
Өткізу орны: «Hilton Astana» қонақ үйі, «Hilton Astana Hall» залы
Анықтама үшін:
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 22 мамырдағы Жарлығына сәйкес құрылды. Корпоративтік басқарудың озық стандарттарына сәйкес келетін және оны әртараптандыру, инновацияларды қолдау, экспортты дамыту, еңбек өнімділігін арттыру арқылы Қазақстан экономикасының тұрақты дамуы бойынша мақсаттарды қамтамасыз ететін Қазақстан Республикасы Үкіметінің негізгі институты. Холдинг құрамына «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ, «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ, «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, «Қазақстандық ипотекалық компания» АҚ, «KazakhExport» ЭСК» АҚ, «Даму» КДҚ» АҚ, «QazTech Ventures» АҚ, «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ, «Қазына Капитал Менеджмент» АҚ, «Бәйтерек девелопмент» АҚ, «Kazakhstan Project Preparation Fund» ЖШС кіреді.