11.10.2024
- Холдинг туралы
«Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ, оның еншілес ұйымы - Kazakhstan Project Preparation Fund ЖШС және шетелдік қалалық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі Корей корпорациясы (KIND) ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Келісім Корея президенті Мун Чжэ Инаның мемлекеттік сапары аясында өтіп жатқан Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақстандық-Корей бизнес-форумы барысында бекітілді.
Осы құжатқа сәйкес тараптар Қазақстандағы МЖӘ жобаларын жүзеге асыру саласында ынтымақтасуға және осы жобаларға корей инвесторларын тартуға жәрдемдесуді көздеп отыр. 800 млн АҚШ долларын құрайтын төрт нысан қарастырылады деп жоспарлануда.
Атап айтқанда, корей инвесторлары Түркістан облыстық тас жолын, 300 төсектік көпсалалы аурухананы салу және пайдалану, Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің 1265 төсектік бірыңғай университеттік ауруханасын, сондай-ақ Қарағанды қаласында 300 төсектік университеттік клиника құру секілді концессиялық жобаларға қызығушылық танытуда.
«Инфрақұрылымды дамыту саласындағы корей тәжірибесі әлемдегі ең табыстлардың бірі болып саналатынын білесіздер. Сондықтан біз осы жобаларды іске асыруға халықаралық концессионерлерді іріктеуге қатысуға корейлік әріптестеріміздің қызығушылығын қолдаймыз", - деп атап өтті холдинг басқармасының төрағасы Айдар Әріпханов қол қою рәсімінен кейін журналистерге берген сұхбатында.
Бұдан басқа, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Корей технологияларды дамыту институтымен (KIAT) бірлесіп екі елдің өзара пайдасы үшін қажетті технологиялық саладағы күш-жігерді біріктіруді жоспарлап отыр. Аталған бизнес-форум аясында Айдар Әріпханов пен KIAT президентінің міндетін атқарушы Чанмин Хан (Changmin Han) мырза тиісті меморандумға қол қойды.
Тараптар өнеркәсіптік технологиялар саласындағы инвестициялық жобаларды анықтау және дамыту мақсатында өзара қызығушылық танытатын облыстарды зерттеуге ниетті, оның ішінде «Бәсекеге қабілеттілік көшбасшылары - Ұлттық чемпиондар 2.0», «World Class 300» қолдау бағдарламаларын және «жасырын чемпиондар» (Korean Hidden Champion Initiative) корей бастамасын жүзеге асыру барысында зерттеулер жүргізбек.
«Меморандум өңдеуші өнеркәсіптің бәсекеге қабілетті экспортқа бағытталған және технологиялық өндірістерін қолдау саласындағы ынтымақтастықты қарастырады. «Бәйтерек» Холдингінде «Бәсекеге қабілеттілік көшбасшылары - ұлттық чемпиондар 2.0» қолдау бағдарламасы бар, оның шеңберінде біздің еншілес ұйымдар оның қатысушыларына шаралар кешенін, оның ішінде қаржылық емес сипаттағы шаралар кешенін көрсетеді. Біздің кореялық әріптестеріміздің де осыған ұқсас бағдарламалары бар. Бұл World Class 300 және «жасырын чемпиондар» корей бастамасы. Осы меморандумды қорытындылай келе, біз бағдарламаны тиімді жүзеге асыру үшін білім мен тәжірибе алмасуға және елдеріміздің өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағыт алатын боламыз», - деді Айдар Әріпханов.
Айта кетейік, «Бәсекеге қабілеттілік көшбасшылары - ұлттық чемпиондар 2.0» бағдарламасы ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша әзірленген. Бағдарламаның мақсаты – өңдеуші өнеркәсіптің бәсекеге қабілетті, экспортқа бағдарланған және технологиялық өндірістерін құруға жәрдемдесу болып табылады.
Өз кезегінде, 2010 жылы Оңтүстік Кореяда басталған "World Class 300" мемлекеттік бағдарламасы салық жеңілдіктерін қолданумен қатар ұлттық чемпиондарға үміткер болып табылатын экспортқа бағдарланған шағын және орта инновациялық кәсіпорындар үшін технологиялық және кеңес беру секілді қолдау шараларының кешенін қарастырады.
Сонымен қатар, бүгінде ынтымақтастық туралы құжаттарды Холдингтің еншілес компаниялары да жасасты. «KazakhExport» АҚ Корей сауда сақтандыру корпорациясымен (Ksure) бас шартқа қол қойса, «Даму» Қоры Корей ШОБ және стартап агенттігімен (KOSME) келісімге отырды.
Холдинг басшысы Айдар Әріпханов өз кезегінде осы Корей даму институттарының басшылығымен бірқатар кездесулер өткізіп, өзара тиімді ынтымақтастық мәселелерін егжей-тегжейлі талқылады.
Анықтамалық ақпарат:
«Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 22 мамырдағы Жарлығына сәйкес құрылды. Корпоративтік басқарудың озық стандарттарына сәйкес келетін және Қазақстан экономикасын әртараптандыру, инновацияларды қолдау, экспортты дамыту, еңбек өнімділігін ұлғайту жолымен орнықты дамыту жөніндегі міндеттерді іске асыруды қамтамасыз ететін ҚР Үкіметінің негізгі институты болып табылады. Холдингке: «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ, «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, «Қазақстандық Ипотекалық компания» ИҰ» АҚ, «KazakhExport» ЭСК» АҚ, «Даму» КДҚ» АҚ, «Qazaq VENTURES» АҚ, «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ, «KazynaCapitalManagement» АҚ, «Бәйтерек девелопмент» АҚ, «Kazakhstan Project Preparation Fund» ЖШС кіреді.
Шетелдік қалалық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі Корей корпорациясы (KIND) МЖӘ жобалары саласындағы инвестициялық қызметті кеңейту және шетелде бизнесті дамыту үшін корей компанияларына жан-жақты қолдау көрсетеді. KIND жобаларды іріктеуден, оларды дамытудан және қаржыландырудан бастап тікелей инвестицияларды жүзеге асыруға дейінгі бизнесті дамытудың барлық бағыттары бойынша қолдау көрсетеді.
Корей технологияларды дамыту институты (KIAT) — Корея Республикасының Сауда, өнеркәсіп және энергетика Министрлігі жанындағы технологиялық саясатты дамыту институты (MOTIE). KIAT алты қоғамдық технологиялық институтты біріктіру жолымен өнеркәсіптік технологияларды дамыту туралы Заңға сәйкес 2009 жылы құрылған. Орталық кеңсесі Сеулде орналасқан.