22.11.2024
- Холдинг туралы
23 қазан күні Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ұйымдастырған «Қазақша Куиз» интеллектуалды ойынында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ командасы 3-орынды иеленді. Ұлттық мереке – Республика күніне орай өткізілген бұл шара мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдардың қызметкерлерін біріктіріп, Қазақстан тарихы мен мәдениетін насихаттауды мақсат етті.
Ойынға 11 команда қатысты, олардың құрамында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, ҚР Қаржы министрлігі, ҚР Сауда және интеграция министрлігі, ҚР Ауыл шаруашылық министрлігі, Астана қаласының Әділет департаменті, КеАҚ «Қазақстандық қоғамдық даму институты», «Астана-АЭК» АҚ, «Астана қаласының коммуникациялар қызметі» КММ, «Elorda aqparat» ЖШС және Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының өкілдері болды.
«Бәйтерек»
холдингі қазақ тілін дамытуға және ұлттық мәдениетті насихаттауға бағытталған іс-шараларды әрдайым қолдайды. Біздің қызметкерлеріміздің осындай білім сайыстарына қатысып, үздік нәтижелер көрсетуі біз үшін мақтаныш. Бұл ұлттық құндылықтарды дәріптеп қана қоймай, сондай-ақ
интеллектуалды және кәсіби дамуға
мүмкіндік беретін шаралардың бірі», – деді «Бәйтерек» холдингінің Баспасөз қызметінің басшысы Жанжігіт Омархан.
Жүлделі орын иелеріне және барлық қатысушыларға Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы атынан алғыс хаттар мен арнайы сыйлық сертификаттары табысталды.