МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНДА ЕЛІМІЗ БОЙЫНША БАЛАМАСЫ ЖОҚ ӨНДІРІС ОРНЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
Маңғыстау облысында еліміз бойынша баламасы жоқ өндіріс орны іске қосылды. Зауыт «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында бой көтерді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Мұнда жылына 150 мың сорғы штангасы мен 100 мың дана жалғастырғыш шығарылады. Алдағы уақытта межені 250-350 мыңға жеткізу жоспарда. Нысан құрылысына «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамына қарасты «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы қолдау көрсетті.
Аталған зауыт мұнай жабдықтарын өндіру бойынша Қазақстандағы алғашқы толық циклді кәсіпорын болып табылады. Ерекшелігі сол, өндіріс орны бастан-аяқ автоматтандырылған. Отандық өнімдер ішкі нарықтағы сұраныстарды қамтамасыз етеді әрі экспортқа шығарылады.
Асыл Шұбай, «Everest Techno» ЖШС құрылтайшысы
- Негізгі тұтынушыларымыз Каспий маңы мемлекеттері. Сорғы штангаларымыздың сапасы Әзірбайжан, Түркіменстан, Ресейде барлық талаптарға сәйкес келеді. Әрине, жұмыс қуатын арттырып жергілікті компаниялардың да сұранысын өтейміз. Өйткені, мұнайшылар біздің өнімдерімізге аса зәру. Бүгінгі күнге өндіріс көлемінен асатын тапсырыстар келіп түсті.
Жалпы құны 15,5 млрд теңгелік жоба меншік иесінің өз қаражаты және «Қарыздарды сақтандыру» құралы шеңберінде «KazakhExport» кепілдігімен екінші деңгейлі банктің берешек ақшасы есебінен қаржыландырылды.
Қуаныш Мұқажанов, «KAZAKHEXPORT» ЭСК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары:
- Біздің компания Халық банкіне 10 млрд теңге көлемінде сақтандыру қорғанысын ұсынды. Өз кезегінде қазақстандық қаржы институты нысан құрылысына қолдау білдірді. Енді бұл компанияның айналым капиталын қаржыландыру үшін жоғарыда айтылған соманы көбейту жолдары қарастырылып жатыр.
Кәсіпорында 80-ге тарта жұмыс орны құрылды. Қабылданғандардың дені жергілікті тұрғын. Соның 20-сы көрші елде кәсіби біліктілік арттыру курсын оқып жатыр.
* Сұрақтарға жауап алуды жылдамдату үшін, сұрақты нақты және түсінікті баяндауыңызды өтінеміз. Сұрақты жібермес бұрын, сайттағы материалдарды қарап көргеніңіз жөн, себебі Сіздің сұрағыңызға жауап сол жердеболуы мүмкін.