КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ ЖӨНІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ ЖОБА ШЕҢБЕРІНДЕ «ДАМУ» ҚОРЫ 210 МЛРД ТЕҢГЕ БӨЛЕДІ
2022 жылы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы және 2025 жылға дейінгі кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде «Даму» қоры 210 млрд теңге бөледі. Оның 162 млрд теңгесі кәсіпкерлікті несиелеуді субсидиялауға, 47,7 млрд теңгесі қарыздарға кепілдік беруге жұмсалады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Шағын және орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі еселеп артып келеді. 2005 жылдан бері кәсіпкерлер шығаратын өнім көлемі 28 есе артқан. Саланы дамытуда түрлі тетіктер қолға алынды.
Ернат Көкеев, Бәйтерек холдингінің активтерді басқару департаментінің қызметкері:
- «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба бойынша негізгі операторы болып, жан-жақты және тиімді қолдау құралдарын жоба жүзеге асырады. Атап айтсақ бұл берілген қарыздардың пайыздық ставкасын арзандату, кепілдік беру болып табылады. Даму қоры өз жұмысы барысында экономиканың түрлі салаларын жалпы сомасы 10 трл теңгеден асатын 173 мыңға жуық жобаны қолдады.
Осындай субсидиялаумен несие алып, жұмыс істеп жатқан кәсіпорындардың бірі Солтүстік Қазақстан облысындағы фанера жасау зауыты. Олар жиһаз бен құрылыс жұмыстарына қажет шикізат шығарады.
Айваз Бакиров, Солтүстік фанер комбинаты директорының орынбасары:
- Зауытты ашпас бұрын біз Даму қорының «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасымен қайта қаржыландыру жасаттық. Сол қаражатқа құрал-жабдықтарды сатып алдық. Несиенің проценттік мөлшерлемесінің басым бөлігін мемлекет төлеп береді. Егер несие мөлшерлемесі 19,5% болса, оның 6%-тін ғана біз төлейміз, қалғанын «Даму» қоры төлейді. Бұл кәсіпорынды дамытуға демеу болды.
Былтыр кәсіпорын 12 мың текше метр фанера шығарса, биылғы өндіріс 18 мың текше метрге жетті. Тәулік бойы жұмыс істейтін зауытта 300 адам еңбек етеді. Өнімнің 95% экспортқа шығарылады.
* Сұрақтарға жауап алуды жылдамдату үшін, сұрақты нақты және түсінікті баяндауыңызды өтінеміз. Сұрақты жібермес бұрын, сайттағы материалдарды қарап көргеніңіз жөн, себебі Сіздің сұрағыңызға жауап сол жердеболуы мүмкін.