- Холдинг туралы
- Тұрақты даму
Кеңес ал!

Холдинг бірінші кезеңде 1 800-ден астам өтінімді қарады.
Елімізде инфрақұрылымның тозу деңгейін төмендетуге, апаттылықты азайту және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған ауқымды "Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту" ұлттық жобасы іске асырылып келеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ал ауқымды Ұлттық жобаның қаржы операторы "Бәйтерек" ұлттық инвестициялық холдингі" АҚ. Осы орайда, холдингтің басқарушы директоры Руслан Төлегенов Ұлттық жоба аясында қаржы операторының негізгі міндеттері, рөлі, іске асырылатын жобаларды қаржыландыру тетіктері туралы егжей-тегжейлі айтып, сұхбат берді.

– Әуелі "Бәйтерек" холдингінің Ұлтттық жоба аясындағы басты міндеттері қандай екенін айтып берсеңіз? Жіпке тізіп...
– "Бәйтерек" холдингі Ұлттық жоба шеңберінде қаржылық оператор болып белгіленді. Холдингтің негізгі міндеті – қаржыландыру тетіктерін анықтаудан және Холдингтің еншілес ұйымдарына жіберілетін жобаларды қаржыландыру процесін ұйымдастырудан тұрады.
Жекелей алғанда, холдинг жобаларды қаржыландыру тетіктерін анықтайды, қаржыландыру көздерін тартады, халықаралық қаржы ұйымдарымен, екінші деңгейдегі банктермен және Холдингтің еншілес ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасайды, сондай-ақ табиғи монополиялар субъектілерін тиісті қаржы институттарына бағыттайды. Сонымен қатар, Холдингтің еншілес ұйымы арқылы сыйақы мөлшерлемесінің 10%-дан асатын бөлігі бойынша несиелердің пайыздық мөлшерлемесін ішінара субсидиялауды қамтамасыз етеді. Бұған қоса, мемлекеттік қолдау шараларының ашық әрі тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етеді.
Қаржыландыру тетіктері ретінде тікелей несиелеу, облигациялық қаржыландыру, бюджеттік несиелеу, сондай-ақ лизингтік қаржыландыру қолданылады.
– Холдинг Ұлттың жоба бойынша қаржыландыру процесін қалай үйлестіреді? Жалпы, қаржыландыру процесі қалай жүреді?
– Қаржыландыру бірнеше кезең арқылы жүзеге асырылады.
Бірінші кезеңде табиғи монополиялар субъектілері жобалық өтінімдерді Мемлекеттік сатып алуларды бақылау жүйесі базасында жұмыс істейтін meks.zakup.kz электрондық платформасы арқылы береді. Бұдан әрі Холдинг, техникалық оператор және тарифтік реттеуші жобалардың барлық қажетті құжаттама бар ма, жоқ па қарайды.
Құжаттардың толық пакеті жүктелгеннен соң жобаны алдымен техникалық оператор қарайды. Ол жобаның техникалық параметрлері мен сипаттамаларын бағалайды. Сондай-ақ нақты белгіленген өңір үшін жобаны іске асырудың қаншалықты маңызды әрі қажет екенін саралайды. Содан кейін жобаны тарифтік реттеуші қарайды, ол алдын ала тарифтік параметрлер бойынша қорытынды береді және қажетті қаржыландыру мерзіміне қарыз сомасы мен 10% мөлшеріндегі пайыздық мөлшерлемені тариф есебінен жабу мүмкіндігін бағалайды. Осы кезеңдерден кейін ғана жобаны қаржылық оператор қарайды. Ол қаржыландыру тетігін анықтайды, компанияның қаржылық тұрақтылығын бағалайды және тарифтік реттеуші мен техникалық оператордың қорытындыларын ескере отырып, жобаны тиісті қаржы институтына бағыттайды.
Бұдан әрі жобалар Холдингтің еншілес ұйымдары, халықаралық қаржы ұйымдары және екінші деңгейдегі банктер арқылы қаржыландырылады.
Бүгінгі таңда қаржыландыру Қазақстанның даму банкі, Қазақстан тұрғын үй компаниясы, халықаралық қаржы ұйымдары және екінші деңгейдегі банктер арқылы жүзеге асырылып келеді.
Негізгі қарыз бен сыйақыны өтеу тарифтер және бюджеттік субсидиялар есебінен жүзеге асырылады. Бұл ретте субсидиялар пайыздық мөлшерлемесінің тек 10%-дан асатын бөлігін ғана жабады.
– Биыл холдинг тарапынан Ұлттық жоба аясында қанша қаражат бөлу жоспарланған және оның игерілу көрсеткіші қандай?
– Табиғи монополияларды реттеу комитеті бізге ұсынған мәліметтерге сәйкес, Ұлттық жоба шеңберінде 2026 жылы жобаларды қаржыландыруға шамамен 595 млрд теңге қажет.
Оның ішінде:
– жылумен жабдықтау – 109,2 млрд теңге;
– сумен жабдықтау – 69,5 млрд теңге;
– су бұру – 94,2 млрд теңге;
– электр энергетикасы – 321,9 млрд теңге бағытталып отыр.
Бүгінгі таңда 69,3 млрд теңге сомасына 20-дан астам жоба қаржыландырылды. Оның ішінде 2025 жылы 29,3 млрд теңге, 2026 жылы 40 млрд теңге қаржыландыруға бағытталды.
– Инвестициялық жобаларды іріктеу кезінде қандай негізгі критерийлерге басымдық беріледі?
– Жобаларды іріктеу кезінде ең алдымен олардың әлеуметтік және инфрақұрылымдық маңызды екені ескеріледі. Сонымен қатар, желілердің тозу деңгейі; апат деңгейі, жобаның техникалық дайындығы, қаржылық тұрақтылығы, тарифтік және бюджеттік жүктемесі есепке алынады.
Бұдан бөлек, Ұлттық жоба шеңберінде мемлекеттік қаражатпен қатар жеке қаржы институттарының ресурстары да тартылады.
Бүгінгі таңда жобаларды қаржыландыруға халықаралық қаржы ұйымдары, соның ішінде Еуропалық қайта құру және даму банкі, екінші деңгейдегі банктер және басқа да жеке инвесторлар қатысуда.
Мысалы, "Оңтүстік Жарық Транзит" компаниясы Еуропалық қайта құру және даму банкімен келісімге қол қойды. Мұндай тетіктер мемлекеттік бюджетке түсетін жүктемені азайтуға және қосымша қаржы көзін тартуға мүмкіндік береді.

– Қаржы операторы ретінде бөлінген қаражаттың тиісті мақсатта жұмсалуын қалай қадағалайсыздар?
– Холдинг тарапынан жобалар бірнеше кезең бойынша бақылаудан өтеді.
Әрбір жобаға қаржылық сараптама жүргізіледі, қаржыландыру тетігі анықталады, қаражаттың мақсатты түрде жұмсалуы, игерілуі тексеріледі, жобаның іске асыру мерзімдері мен нәтижесі де бақыланады.
Бұған қоса, тәуелсіз мамандардың тексерісі, банктің қадағалауы және мемлекеттік органдарға есеп беру талаптары да бар.
– Қазіргі кезде холдингтің қаржыландыруы арқылы еліміздің қай өңірлерінде ең ірі жылу және электр энергиясы нысандары жаңартылып жатыр? Қаржыландыру нәтижелері туралы нақты мысал келтірсеңіз.
– Бүгінде еліміздің әртүрлі өңірлерінде бірқатар ірі жобалар қарастырылып, қаржыландырылу кезеңінде.
Ең ірі жобалардың қатарында "Оңтүстік Жарық Транзит" ЖШС-нің электр желілерін реконструкциялау, "Теплотранзит Қарағанда" ЖШС жобалары, "Батыс Су Арнасы" ЖШС жобалары, "Астана Су Арнасы" МКК жобалары, "ТАТЭК" АҚ жобасы бар.
Жалпы алғанда, Холдинг бірінші кезеңде 1 800-ден астам өтінімді қарады. Оның ішінде екінші кезеңде 275 жоба бойынша қорытынды берілді. Бұл жобалардың жалпы сомасы 686,3 млрд теңге.
– Ойыңызды қорытындылай келе, қаржыландырылған жобалардың нәтижесінде халыққа көрсетілетін коммуналдық қызметтердің сапасы қалай өзгереді?
– Ұлттық жобаның негізгі мақсаты – коммуналдық инфрақұрылымның тозу деңгейін төмендету, апаттылықты азайту және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру ғой. Ал жобаларды іске асыру нәтижесінде:
– электр және жылу желілеріндегі апаттар саны азаяды;
– сумен жабдықтаудың сенімділігі артады;
– энергия тиімділігі жақсарады;
– цифрландыру мен автоматтандыру енгізіледі;
– халық үшін коммуналдық қызметтердің сапасы артады.
Жалпы алғанда, Ұлттық жобаны іске асыру халық үшін коммуналдық инфрақұрылымның тұрақты жұмыс істеуін және сапасын арттыруға бағытталған.
Сұхбатыңызға рақмет!
Дереккөз: inbusiness.kz