18.06.2020

Тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторының мән-маңызы

Тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторының мән-маңызы

9 маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғын үй бағдарламаларының операторларын қысқарту жөніндегі заңға қол қойды. Заң ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енеді. Осы орайда, Заңның қолданылу аясы және құрылған Тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторы туралы түсіндіріп кеткім келеді.

Қазіргі таңда, «Бәйтерек» холдингінің құрамында Қазақстанның тұрғын үй құрылысы саласын дамытумен айналысып жатқан төрт еншілес ұйым бар. Атап айтсақ, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ (ҚТҚЖБ), «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ (ҚИК), «Бәйтерек девелопмент» АҚ (БД), «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ (ТҚКҚ). Сондай-ақ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ тұрғын үй құрылысымен айналысатын кәсіпкерлердің кредиттері бойынша субсидиялар береді. Бұл түпкі тұтынушылар үшін шаршы метрлердің құнын арзандатуға мүмкіндік береді.

Заңға сәйкес, «Бәйтерек» холдингінің үш еншілес ұйымы (Тұрғын үй құрылыс жинақ банкін қоспағанда) Тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторына біріктіріледі. «Даму» қорының құрылыс салушыларды субсидиялау функциясы да Бірыңғай операторға беріледі. Бұл ретте, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі елдегі тұрғын үй-құрылыс жинақ жүйесін дамытушы жалғыз банк ретінде халыққа жеңілдікпен тұрғын үй несиелерін беру функциясын өзі жалғастырады. 

Бірінші кезекте Бірыңғай оператордың құрамына БД мен ҚИК кіреді. Жыл соңына дейін ТҚКҚ-ны қосу процесі аяқталады. 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап Бірыңғай оператор құрылыс салушыларға субсидия берумен де айналысатын болады.

Бастапқы кезеңде, уәкілетті органдар – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің және ҚР Ұлттық банкінің лицензиясы негізінде Бірыңғай оператор әкімдіктерде кезекте тұрғандар мен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары үшін қолжетімді тұрғын үй құрылысын қаржыландыру, үлескерлік құрылыстың аяқталуына кепілдік беру, жеке құрылыс салушылардың кредиттерін субсидиялау, меншікті инвестициялық жобаларын іске асыру және қаржылық қызметтің өзге де түрлерін көрсету функцияларын жүзеге асырады.

Бұл шаралар «Бәйтерек» холдингінің «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын барынша тиімді іске асыруына және сингапурлық Тұрғын үй құрылысы мен даму кеңесінің (Housing and Development Board) үлгісіне көше бастауға мүмкіндік береді. Осы бағыттағы жұмысты шетелдік әріптесіміз Singapore Cooperation Enterprise компаниясымен бірге жүргізудеміз. Ашып айтсақ, болашақта Бірыңғай оператор қажетті инженерлік, әлеуметтік және коммерциялық инфрақұрылымы бар тұрғын үйді жаппай салу мәселесін кешенді түрде шешуі тиіс болады. Сонымен қатар, құрылыс нысандарына коммуникацияны уақтылы тартуға ерекше көңіл бөлінуі тиіс, өйткені оларсыз халыққа тұрғын үйді сату мүмкін емес. Біз бұған міндетті түрде қол жеткіземіз деп ойлаймын.

Қазіргі уақытта, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірге нормативтік-құқықтық базаны жаңа Заңға сәйкес бейімдеу жұмыстарын жүргізудеміз. Аталған жұмыс келесі тоқсанда аяқталмақшы, ал қыркүйек айының соңына дейін қалған корпоративтік рәсімдер аяқталып, құжаттар әділет органдарына жіберіледі.

Бірыңғай операторды құру үшін республикалық бюджеттен немесе «Бәйтерек» холдингінен қосымша қаражат бөлу қажет емес. Қызметтің тұрғын үй бөлігін оңтайландыру әкімшілік шығыстарды кемінде 40%-ға астам қысқартуға мүмкіндік береді. Еншілес компаниялардың штат саны да азаяды, ал басқару аппараты 3 еседей қысқарады. Алайда, еліміздің әр өңірінде Бірыңғай оператордың өкілдері болады.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ағымдағы жылдың соңына дейін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің базасында даму және қолдау институты – «Отбасы банкі» құрылмақшы. Ол тұрғын үйді есепке алуды, кезекке қоюды және оны бөлуді бір орталықтан жүзеге асырады. Қолданыстағы кезектілік жүйесі әкімдіктерден «Отбасы банкіне» беріледі, ол үйі жоқ отбасыларға арналған «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін болады.

Осылайша, «Бәйтерек» холдингінің тұрғын үй блогы халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ететін қарапайым әрі тұйықталған тізбекті құрады, яғни:

  • Бірыңғай оператор құрылысты қаржыландыру арқылы қолжетімді тұрғын үй ұсынуды қамтамасыз етеді;
  • «Отбасы банкі» жеңілдетілген тұрғын үй қарыздары арқылы жұмысы бар азаматтар тарапынан сұраныстың болуына жағдай жасайды.  

 

Әнуар Омарқожаев,

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ

Басқарма төрағасының орынбасары

Қосымша жаңалықтар

іс-шаралар
күнтізбесі

?

Іздегеніңізді
таппадыңыз ба?

  • Қазақстан Республикасы Президентінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Парламентінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуге бағытталған электронды ресурстар