Хоргосты дамытуға үлес

30.10.2018

Вклад в развитие Хоргоса

«Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы – «Қазына Капитал Менеджмент» АҚ «Хоргос – Шығыс қақпасы» Еркін экономикалық аймағы аумағында «А» класының заманауи қойма жайларының құрылысы бойынша жобаны іске асыруда.

Жоба Қазақстанды халықаралық көлік ағынына біріктіру жөніндегі Ұлт жоспарының 65-ші қадамы аясында қаржыландырылуда. Абу-Дабидың (БАӘ) Mubadala деп аталатын жетекші стратегиялық инвестициялық компаниясы жобаның серіктес-тең инвесторы болып табылады. Инвестицияның жалпы көлемі 16 млн долларды құрайды.

Жобаны жүзеге асыру Қазақстанда «А» класының қойма жайларының ауданын 5%-ға арттырады. Таяу жылдары еліміздің жеті аймағында осыған ұқсас 100 мың шаршы метрге дейін қойма жайлары салынады деп жоспарлануда.

Қазақстан мен Қытайдың шекарасында орналасқан «Хоргос–Шығыс қақпасы» АЭА қойма жайлары Алтын көл темір жол станциясы мен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік трассасына кіруге қолжетімділік арқасында тұрған жері қолайлы. Мұндай құрылыстар әр түрлі саланың құрылымдары үшін өте тиімді (логистикалық және пошта операторлары, FMCG). Әлеуетті жалға алушылар мен қатысушылар үшін АЭА-тың тағы бір оңтайлы жағы – мұнда айтарлықтай салық жеңілдіктері қарастырылған, атап айтқанда, табыс салығы, жер және мүлік салықтары салынбайды.

Осы күнге дейін қоймалар құрылысы аумағында «нөлдік цикл» іске асырылды, бетон іргетасы құйылды, металл конструкцияларын монтаждау жүргізілді.

«А» класының қоймалары – логистиканың халықаралық талаптарына жауап беретін жүктің кез келген түрлерін сақтаудың ең жақсы жағдайларын қамтамасыз етуге қажетті құрылыстар. Атап айтқанда, бұл өрт сөндірудің жетілдірілген жүйелері; көп деңгейлі сөрелік жабдықтар орнатуға мүмкіндік беретін 13 метрден кем емес биік төбелер; шаршы метрі 5 тоннадан кем емес жүктелімді көтеретін шаңға қарсы жабыны бар едендер және тағы басқалары.