EXPO-дағы тұрғын үйлерді сату уақытша тоқтатылды

01.04.2019

1

«Бәйтерек девелопмент» АҚ («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) баспасөз қызметінің хабарлауынша, EXPO халықаралық көрмесінің аумағында пәтер сатып алуға өтінім қабылдау бағдарламасының істен шығуына байланысты қайта тоқтатылды. Жаңылыс «ARTA Software» ЖШС компаниясының бағдарламалық қамтамасыз етуінде орын алды.

EXPO Residence тұрғын үй-жайларын сатып алуға өтінімдерді қабылдау процесін қамтамасыз ету үшін компания онлайн-режимде осы порталды әзірлеуші – «ARTA Software» ЖШС-мен шарт жасасқан болатын. Қазіргі таңда компания бағдарламаның істен шығу себептерін анықтау және жою бойынша қажетті шаралар қабылдауда.

«EXPO Residence-те пәтер сатып алуға халық тарапынан жоғары сұранысты ескере отырып, «Бәйтерек девелопмент» АҚ тұрғын үйді сатудың тиімді және ашық рәсімін қамтамасыз ететін өтінімдерді қабылдаудың балама тәсілдерін қарастырады», – делінген компания хабарламасында.

Компания келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұрайды. Өтінімдерді қабылдаудың жаңа уақыты мен күні қосымша жарияланатын болады. Өтініш берудің тең және мөлдір түрде қарастырылуын қамтамасыз ету үшін барлық өңделген немесе ішінара өңделген өтінімдер жойылды. Бірде-бір пәтер сатылған жоқ. Аталмыш қателік үшін бағдарлама әзірлеуші «Arta Software» ЖШС жауапты.

«Arta Software» ЖШС басшылығы мен бағдарлама әзірлеуші жобалық тобы ресми сайт пен  келіп түскен өтінімдерді ішкі жүйемен өңдеу арасындағы интеграциялық шлюздердегі бағдарламалық кодтағы бірқатар ақаулардың себебінен expo.baiterek.gov.kz және Digital Baiterek сайттарының жұмысында техникалық ақаулар туындағаны үшін кешірім сұрайды.

Қазіргі уақытта ақауларды жою бойынша іс-шаралар жүргізілуде. Жұмыс қорытындысы бойынша ақпарат expo.baiterek.gov.kz қосымша ресми сайтында орналастырылатын болады.