«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ, 27 қаңтар. Бүгін «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасы Ерболат Досаев Халықаралық валюта қорының Таяу шығыс және Орталық Азия елдері департаменті директорының орынбасары Марк Хортонмен кездесу өткізді.

Ерболат Досаев ХВҚ өкілдерін Холдинг пен оның еншілес ұйымдары жұмыстарының негізгі бағыттарымен таныстырды. Олардың қатарында – ірі индустриалды және инфрақұрылымдық жобаларды дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау, тұрғын үй құрылысын дамыту, сондай-ақ технологиялар, инновациялар трансферті және экспортты қолдау.

«Бәйтерек» холдингісінің экономиканы әртараптандырудағы рөлі туралы айта келе, Ерболат Досаев Холдинг компаниялары тобының «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму және Қазақстанның индустриалды-инновациялық дамуы мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға қатысатындығына тоқталды. «Қазақстан даму банкі» АҚ индустриализациялау бағдарламасының екінші бесжылдығының (2015-2019 жж.) жобаларын қаржыландыру бойынша өз бағдарламасын бекітті. 2016 жылдың қорытындысы бойынша 224.6 млрд. теңге сомасына 19 жоба мақұлданды.

Тараптар сонымен қатар «Даму» КДҚ» АҚ-ның шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау бойынша жұмысына тоқталды. 2017 жыл басында «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 84.8 млрд. теңге сомасына 461 жоба қаржыландырылған. Холдинг басшысы бұған қоса «отандық кәсіпкерлерді қолдау бойынша ең тиімді бағдарламаның бірі «Бизнес жол картасы – 2020» болып табылады» - деді.

Экономиканың жаңа салаларын қолдаумен және инновацияны дамытумен қатар, Ерболат Досаев «ҚазЭкспортГарант» АҚ құралдары арқылы қазақстандық компаниялардың экспорттық қызметіне қолдау көрсетілетіні туралы сөз етті.

Ерболат Досаев ХВҚ делегациясын Холдингтің «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жалға және кредитке берілетін тұрғын үй құрылысы бойынша жұмысы туралы да ақпараттандырып, «Бәйтерек» холдингі «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылыс бағдарламасын іске асыруда негізгі қаржылық оператор болып табылатындығын хабарлады».