«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Директорлар кеңесінің шешімімен Айдар Арифханов «Бәйтерек» холдингі Басқарма төрағасының орынбасары-Басқарма мүшесі болып сайланды.

Айдар Арифхановтың мемлекеттік басқару және экономикалық саясат саласындағы 20 жылдық жұмыс өтілі бар. Еңбек жолын ҚР Қаржы министрлігінің Сыртқы қарыз комитеті бағдарламалық және әлеуметтік қарыздар бөлімінің бас маманы болып бастаған ол соңғы жылдары ҚР Ұлттық экономика вице-министрі лауазымын атқарды.

Әр жылдарда ҚР Қаржы вице-министрі, ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі басшысының орынбасары, ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі, ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі, ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігі төрағасының орынбасары, «Қазақтелеком» АҚ басқарушы директоры, «Қазатомпром» ҰАК» АҚ Басқарма төрағасының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған. 2015 жылғы қарашадан бастап ҚР Ұлттық экономика вице-министрі лауазымында болды.


Айдар Арифханов Қазақ мемлекеттік басқару академиясын, ҚР СІМ Дипломатиялық академиясын аяқтаған, 2008 жылы «Болашақ» президенттік бағдарламасы шеңберінде Колумбия университетін тәмамдап, мемлекеттік әкімшілендіру магистрі дәрежесін (МРА) және 2006 жылы Лондон бизнес мектебінде іскерлік әкімшілендіру магистрі дәрежесін (МВА) алған.